Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында ішкі сауда көлемі 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,4% өсіп, 9,7 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2021 жылдан бергі (ковид пандемиясы кезеңінен бері) алғашқы екі ай үшін ең төмен өсім болып отыр. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы келтіреді.

Салыстыру үшін:

  • 2025 жылдың қаңтар–ақпанында өсім 6%
  • 2024 жылы — 4,2%
  • 2023 жылы — 11,5%
  • 2022 жылы — 6,1% болған.

Ал 2021 жылы пандемия әсерінен сауда көлемі 5,3% қысқарған.

Ішкі сауда айналымының негізгі бөлігін көтерме сауда қамтамасыз етеді. Оның үлесі 67,1%, ал бөлшек сауда үлесі 32,5%.

Көтерме сауда көлемі 2026 жылдың қаңтар–ақпанында 6,54 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8% көп, алайда өсім қарқыны айтарлықтай баяулаған. Мысалы, 2025 жылдың осы кезеңінде өсім 6,6% болған.

Көтерме сауда құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен өндірістік-техникалық өнімдер басым — олардың үлесі 78,1%.

Бөлшек сауда одан да баяу өсіп жатыр. 2026 жылдың алғашқы екі айында оның көлемі 3,16 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6% ғана өсті. Ал бір жыл бұрын өсім 4,7% болған.

Сауда кәсіпорындары арқылы сатылым 3,7% артқан, ал жеке кәсіпкерлердің (базардағы сауданы қоса алғанда) айналымы 1% қысқарған.

Бөлшек сауданың негізгі бөлігі жеке меншік кәсіпорындарға тиесілі. Жыл басынан бері олардың айналымы 2,76 трлн теңге, яғни жалпы бөлшек сауданың 87,3%-ын құрады.

Ал шетелдік қатысуы бар компаниялардың үлесі 402,4 млрд теңге немесе 12,7% болды.

2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, бөлшек сауда кәсіпорындарының тауар қоры 1,73 трлн теңгеге жетті. Бұл шамамен 77 күндік саудаға жеткілікті.