Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін салық берешегін өндіріп алу тәртібі туралы бұйрыққа қол қойды.

Мемлекеттік кірістер органы тоқсан сайын комитет сайтында белгіленген шекті мөлшерден асатын және пайда болған күннен бастап төрт ай ішінде өтелмеген салық берешегі бар жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар және заңды тұлғалар туралы мәліметтерді жариялап отырады.

Жарияланатын мәліметтерде салық агентінің тегі, аты-жөні немесе атауы, экономикалық қызмет түрі, сәйкестендіру нөмірі, салық төлеушінің басшысының тегі, аты-жөні және салық берешегінің жалпы сомасы көрсетіледі.

Салық төлеушінің салықтық міндеттемесін орындауы үшін келесі шаралар қолданылады: өсімпұл есептеу; банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру; касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру; мүлікке билік етуге шектеу қою.

Қолданылатын тәсіл берешек мөлшеріне байланысты болады. Бұл ретте берешек сомасына өсімпұл мен айыппұлдар енгізілмейді.

Берешек 20 АЕК-тен аспаса, оны қалыптасқан күннен бастап бес күн ішінде мемлекеттік кірістер органы салық төлеушіге хабарлама жібереді. Хабарлама тек ақпараттық сипатта болады.

Берешекті 20 жұмыс күні ішінде өтеу қажет. Салық берешегін өтеу туралы хабарлама орындалмаған жағдайда бизнеске жоғарыда көрсетілген шаралар қолданылады.

Егер бұл шаралар да нәтиже бермесе және заңды тұлғаның бірден көп құрылымдық бөлімшесі болса, мемлекеттік кірістер органы аталған міндеттемені орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін оның барлық құрылымдық бөлімшесіне бір уақытта қолданады.