Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр Ресейдің «Газпром» компаниясының төрағасы Алексей Миллермен жаңа келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2025 және 2026 жылдары Ресейден Қазақстанға жеткізілетін газ көлемі ұлғаяды. Келісімге тараптар Владивостокта өтіп жатқан Шығыс экономикалық форумы аясында қол қойды.

Үкіметтің хабарлауынша, келіссөздерде газ жеткізу, транзит және өңдеу мәселелері, сондай-ақ инфрақұрылымдық ынтымақтастық талқыланған.

«Әсіресе энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ұзақмерзімді әріптестікке ерекше назар аударылды», – делінген ресми ақпаратта.

Скляр Қазақстанның «Газпроммен» стратегиялық серіктестігін атап өтіп, Орталық Азия мен Еуразиядағы энергетикалық нарықтардың тұрақты дамуы үшін күш-жігерді үйлестіру маңызды екенін айтты. «Газпром» таратқан ақпаратта келісімнің нақты көлемі мен шарттары көрсетілмеген.