Ресейден Қазақстан аумағы арқылы Қытайға баратын магистральдық газ құбыры 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев мәлімдеді.
«Еліміздің солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуде «Газпроммен» жасалған «Есіл – Астана» магистральдық газ құбыры жобасын іске асыру туралы меморандумның маңызы зор болды. Алдын ала белгіленген мерзімдерге сәйкес, газ құбыры 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауы тиіс», – деді елші kp.ru басылымына берген сұхбатында.
Абаевтың айтуынша, Ресей газының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға транзитінің көлемі де жоспарлы түрде артып келеді.
«Бұл жоба Орталық Азияның аймақтық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады, елдеріміздің өнеркәсіптік дамуына, бизнес-климаттың жақсаруына және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға қуатты серпін береді. Сондай-ақ ол Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға ықпал етеді», – деп толықтырды ол.