Қытай алғаш рет Қазақстан аумағында офшорлық юаньға (CNH) байланған реттелетін стейблкоин – AxCNH-ты таныстырды. Бұл – трансшекаралық сауданы жеңілдетіп, доллардан тәуелділікті азайтуға бағытталған жоба. Бұл туралы Reuters жазды.

17 қыркүйекте гонконгтық финтех-компания AnchorX Astana Financial Services Authority (AFSA) лицензиясын алып, Conflux мемлекеттік блокчейн желісі негізінде осы стейблкоинді шығарды.

Conflux техникалық директоры Ян Гуанның айтуынша, Қытай ықтималдығы жоғары кез келген технологияға инвестиция салады.

«Қытай ірі держава ретінде блокчейн саласын да назардан тыс қалдырмайды», – деді ол.

Юаньді жаһандық валютаға айналдыру – Пекиннің бұрыннан бергі арманы. Бірақ капитал қозғалысына қатаң бақылау бұл процесті тежеп келді. Осы жерде стейблкоиндер тиімді шешім ретінде қарастырылуда.

Қазір әлемдегі ең ірі стейблкоиндер долларға байланған. Сарапшылардың пікірінше, Қытай осы процеске қарсы өз позициясын күшейтпесе, 10–20 жылдан кейін юань блокчейн инфрақұрылымында елеусіз қалып қоюы мүмкін.

AnchorX жаңа стейблкоиннің артықшылығы ретінде оның төлем құралы ретіндегі тиімділігі мен арзандығын атап өтті. Компания өкілдерінің айтуынша, AxCNH Қытайдың офшорлық компаниялары мен «Бір белдеу – бір жол» (BRI) бастамасына қатысушы елдер арасындағы транзакцияларды жеңілдетеді.