2025 жылғы 1 қыркүйектен 1 қазанға дейінгі аралықта Қытай азаматтары иелік ететін немесе олардың қатысуы бар заңды тұлғалар мен филиалдар саны Қазақстанда 307-ге артып, 7,1 мыңға жетті. Бұл — кем дегенде 2022 жылдың қаңтарынан бері, яғни 3,5 жылдан астам уақыттағы ең жоғары айлық өсім, деп хабарлады DATA HUB.
Қазіргі рекорд Қытай бизнесінің Қазақстандағы қатысуын кеңейту бойынша белсенділігінің күшеюімен тікелей байланысты. Қытаймен байланысы бар компаниялар санының өсуі қатарынан төрт ай бойы үдей түсті. Жалпы алғанда, 100-ден астам айлық өсім шамамен 1,5 жыл бойы тұрақты сақталып келеді. Ерекше жағдай — 2025 жылдың қаңтары, ол кезде өсім +98 болған. Көрсеткіштің қыркүйекте күрт артуына толықтай шағын ұйымдар үлес қосқан сыңайлы, себебі ірі және орта кәсіпорындар саны ай қорытындысында өзгеріссіз қалды. Байқалған динамикада негізгі рөлді үш сала атқарды: сауда (+123 бірлік), өңдеу өнеркәсібі (+34) және өзге де қызметтер (+31). Осы үш бағыт жалпы өсімнің шамамен екі үшін бірін қалыптастырды.
Қыркүйек қорытындысы бойынша Қытай барлық ел ішінде ең жоғары өсім көрсеткен мемлекет болды. Тіркелген заңды тұлғалар мен филиалдардың абсолюттік өсімі бойынша екінші орында Өзбекстан (+167 бірлік). Алайда соған қарамастан, жалпы рейтингте Қытай үшінші орынды, ал 7,4 мың тіркелген заңды тұлға немесе филиалға ие Өзбекстан екінші орынды сақтап қалды. Көшбасшы ел — Ресей, бірақ оның көрсеткіші теріс нәтижеге ие болды: бір айда 22-ге азайып, 23,1 мыңға дейін төмендеді.
«1 қазанға дейін Қытай құрылтайшылары бар 5,3 мың заңды тұлға немесе филиал белсенді жұмыс істеп тұрған, бұл тіркелгендердің жалпы санының 74%-ын құрайды. Сонымен қатар белсенді ұйымдар саны бойынша да өсім бірдей болды — +306», – деп мәлімдеді DATA HUB.
Айта кетсек, Алматыда өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экономикалық ықпалдастығы туралы айта келе елімізде Қытай капиталы бар 6 мыңнан астам компания барын айтқан еді.