«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2025 жылы таза пайдасын 2,1 есеге арттырып, 343,6 миллиард теңгеге жеткізді, деп хабарлайды AIX биржасы.

Пайданың өсуіне негізінен негізгі қызметтен түскен табыстың артуы, қызметті модификациялаудан түскен 43,2 млрд теңге көлеміндегі біржолғы қаржылық табыс, сондай-ақ бағам айырмасынан болған шығындардың 3,5 есеге қысқарып, 20 млрд теңгеге дейін төмендеуі әсер еткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан темір жолы төлеген корпоративтік табыс салығы 2,5 есе өсіп, 155,4 млрд теңгені құрады.

Жалпы пайда 53,2% өсіп, 833 млрд теңгеге жетті. Түсім 27,5% артып, 2,75 трлн теңгені құрады. Оның негізгі бөлігін жүк тасымалынан түскен кірістер қамтамасыз етті — бұл бағыттағы табыс үштен бірге ұлғайған.

Ал жолаушылар тасымалынан түскен табыс 129 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 17% артты. Бұдан бөлек, КТЖ әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы жолаушылар тасымалы үшін мемлекеттен 46,1 млрд теңге субсидия алған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 41,1 млрд теңге болған.

Бұған дейін Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған КТЖ меморандумында жүк тасымалына арналған реттелетін тарифтердің 28% өскені айтылған. Жүк айналымы 288,8 млрд тонна-шақырымға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 10,4% артқан.

2025 жылдың қорытындысы бойынша топ активтері 27,5% өсіп, 7,6 трлн теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,96 трлн теңге болған. Міндеттемелер 30,6% артып, 5,21 трлн теңгеге жетті. Меншікті капитал 21,2% өсіп, 2,38 трлн теңгені құрады.