2026 жылы ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі елдегі такси қызметіне де әсер етуі мүмкін. Бірақ, әзірге, баға қалай өзгеретіні белгісіз. «Такси Қазақстан 2025» форумында Яндекс.Такси компаниясы директорының орынбасары Руслан Саитов осындай пікірін айтты.
«Баға жағынан бірнәрсе болжау қиын. Меніңше, қазір ешкім нақты бірнәрсе дей алмайды. Жаңа Салық кодексінің күшіне енгенін, қалай орындалатынын күтуіміз қажет. Бірақ қай жағынан алып қарасаңыз да, барлығы ұсыныс пен сұранысқа негізделеді. Яғни біздің платформамыздағы такси бағасы – ол сұраныс пен ұсыныс арасындағы баланс», – деді ол.
Саитовтың түсіндіруінше, такси бағасын қалыптастыратын бірнеше критерий бар. Олар: жүргізушінің жолаушыны тасымалдаған еңбегі мен уақыты, жүрген жол қашықтығы, жанармай, сервис сияқты көлік шығындары. Осының ішіндегі уақыт құны жүргізушінің табысына тікелей әсер етеді.
«Күндіз түскі екіде орталықтан (Алматы орталығынан — ред.) Қалқаман ауданына дейін бару 40 минут уақыт алуы мүмкін. Ал кешкі кептеліспен ол екі сағаттан асады. Оның бағасы да жоғары және оны әділ деп есептейміз. Себебі жүргізуші әлдеқайда көп уақыт жұмсады», – деп түсіндіреді спикер.
Ол Яндекс Таксидің антимонополиялық аудиттен ерікті түрде өтіп, Қазақстан заңнамасына толық сәйкес жұмыс істейтінін мәлімдеді. Динамикалық баға белгілеуге қатысты заң жобасы қабылданған жағдайда да компания жаңа талаптарға сай жұмыс істеуге дайын.
«Біз мемлекетпен ашық диалог жүргізіп отырмыз. Егер ережелер өзгерсе, соларға сай жұмыс істейміз. Біздің мақсат – нарықты тұрақты және ашық ұстау», – деді Руслан Саитов.