Соңғы екі жылда ІТ қызметті тұтынушылардың мінез-құлқы айтарлықтай өзгерді. Мәселен, клиенттер барлық қызметті бір жерден алғанды құп көреді. Мұндай пікірді Tele 2/Altel компаниясының жүйелік сарапшысы Артур Кульпеисов Алматыда өткен BeeTech конференциясында бөлісті.
Кульпеисовтің айтуынша, қазір ІТ компаниялар клиенттің мінез-құлқына қарай бейімделіп, геймификация элементтерін енгізіп, экожүйе құруға ұмтылуда.
«Қазір клиенттер жалқау бола бастады. Олар бір қосымшадан бәрін алғысы келеді. Әмбебап қолданбаларға деген сұраныс жоғары. Біз де осы концепцияға қарай жылжып келеміз. Біз өткен жылы байланыс операторы бола тұра, билет сатып алу опциясын іске қостық. Яғни іс-шараларға, киноға, концерттерге билет сатып алып, ақысын баланспен төлеуге болады. Біз өз өнімдерімізді үнемі жаңартып, клиенттердің сұранысына қарай жаңа техникалық шешімдер қосып отырамыз. Жақын арада жасанды интеллектіге негізделген бір жобаны таныстырамыз», — дейді Артур.
Артур Кульпеисов АТ нарықтағы тағы бір танымал үрдіс геймификация екенін айтты. Көптеген компаниялар қолданбаның ішіне ойын элементтерін немесе қандай да бір безендірілген дүниені енгізеді. Мысалы, байланыс операторы «Асық жинау» деген жүйе қосып жатыр.