«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2026 жылдың бірінші тоқсанында 373 млрд теңге көлемінде шоғырландырылған таза пайда тапты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 есе көп. Бұл туралы компания сайтында хабарланды.
Бірлескен және қауымдастырылған кәсіпорындардағы ҚМГ үлесіне тиесілі пайда 5,5% өсіп, 196 млрд теңгеге жетті. Алайда бұл активтерден алынған дивидендтер 92,4% қысқарып, 156 млрд теңгеден 12 млрд теңгеге дейін төмендеді. Компания мұны «Теңізшевройл» дивидендтерінің әртүрлі кезеңде төленуімен түсіндірді. ТШО-дан түскен 140 млрд теңге көлеміндегі дивиденд есепті кезеңнен кейін, яғни 29 сәуірде түскен.
Бірлескен және қауымдастырылған кәсіпорындардағы үлесті есепке алмайтын түзетілген таза пайда 15,9% өсіп, 190 млрд теңгені құрады.
Шоғырландырылған EBITDA 775 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың қаңтар–наурызымен салыстырғанда үштен біріне артты.
Түсім шамамен 2,5 трлн теңгені құрады. Бір жылда ол 10,7% өсті. Компания мұны әлемдік мұнай бағасының қымбаттауымен және KMG International мұнай өнімдерін сату бағасының өсуімен байланыстырды. Есепті кезеңде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 7,1% өсіп, барреліне $81,13 болды.
2026 жылдың алғашқы үш айында мұнай мен газ конденсатын өндіру 12% азайып, 5,65 млн тонна болды. Газ өндіру 18,2% төмендеп, 2,32 млрд текше метрді құрады. Мұнай тасымалдау көлемі 0,8% қысқарып, 20,76 млн тонна болды. Ал Қазақстан мен Румыниядағы МӨЗ-дерде көмірсутек шикізатын өңдеу 2,8% азайып, 4,99 млн тоннаға жетті.
ҚМГ-ның еркін ақша ағымы теріс көрсеткішке шығып, минус 78 млрд теңгені құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 283 млрд теңге көлемінде оң болған. Компания мұны инвестициялық шығындардың өсуімен және операциялық ақша ағымының төмендеуімен түсіндірді. Ақшалай капиталдық шығындар 64,3% өсіп, 237 млрд теңгеге жетті. Негізгі инвестициялар KMG PetroChem жобасы мен Қазақ газ өңдеу зауытына бағытталған.
Наурыз айының соңындағы ҚМГ-ның жалпы қарызы 3,5 трлн теңге болып, 2025 жылдың соңымен салыстырғанда 0,5% азайды. Алайда инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін ақша қаражаты мен депозиттердің қысқаруына байланысты таза қарыз 52,8% өсіп, 573 млрд теңгеге жетті.
1 сәуірдегі жағдай бойынша ҚМГ акцияларының 67,8%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, тағы 20%-ы Қаржы министрлігіне тиесілі. Акциялардың 2,2%-ы еркін айналымда.