ҚазМұнайГаз директорлар кеңесі акционерлердің жылдық жалпы жиналысына 350 млрд теңгені дивиденд төлеуге бағыттауды ұсынды. Бұл бір жай акцияға шаққанда 573,66 теңгені құрайды.
ҚМГ 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,072 трлн теңге таза пайда тапты. Оның 722 млрд теңгесі ұлттық компанияның иелігінде қалады, ал 350 млрд теңге акционерлерге дивиденд төлеуге бағытталады. Бұл таза пайданың 32,6%-ы.
Қазіргі акционерлік құрылымға сәйкес, 2025 жылға арналған дивидендтердің 237,3 млрд теңгесін Самұрық-Қазына алады, 70 млрд теңге — Қаржы министрлігіне, ал 33,53 млрд теңге — Ұлттық банкке тиесілі болады.
Дивиденд төлеу туралы шешімді акционерлер 2026 жылғы 29 мамырда өтетін акционерлердің жылдық жалпы жиналысында бекітуі тиіс. Егер шешім мақұлданса, 2025 жылға арналған дивидендтерді төлеу 2026 жылғы 5 маусымда басталады. Төлем 2026 жылғы 30 мамырда Астана уақыты бойынша сағат 00:00-дегі жағдай бойынша акционер болған тұлғаларға жүргізіледі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша КМГ бір жай акцияға 491,71 теңге дивиденд төлеген болатын. Осылайша, дивиденд көлемі 16,7% өседі.
2025 жылы өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысында ҚазМұнайГаз акционерлері бір жай акцияға шаққанда 491,71 теңге немесе барлық акциялар бойынша 300 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеуді бекіткен еді. Нәтижесінде, 2024 жылға арналған таза пайданың (1,09 трлн теңге) 32%-ы дивиденд төлеуге бағытталған болатын.