Әлемдік уран нарығындағы жетекші ойыншы – «Қазатомөнеркәсіп» қосымша акция орналастыру (SPO) жоспарын жоққа шығарды. Компания бұл жөнінде Finmentor.kz арнасына берген жауабында хабарлаған.
Bloomberg ақпары және компания жауабы
2 қазанда Bloomberg агенттігі Қазатомөнеркәсіп жаңа листинг өткізіп, нарықтағы құнын арттыруды қарастыруы мүмкін деп жазды. Ақпаратқа сәйкес, әңгіме мемлекетке тиесілі емес 25% акция туралы болуы ықтимал еді.
Алайда компания бұл деректерді растаған жоқ. «Қазатомөнеркәсіп» қосымша орналастыру да, жаңа акция шығару да, мемлекет үлесін қысқарту да күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеді.
Акционерлік құрылым
Қазатомөнеркәсіп – әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Ол жаһандық өндірістің шамамен 20%-ын қамтамасыз етеді. KASE биржасында акцияларының құны шамамен 29 мың теңге деңгейінде.
Бүгінде 63% акция – «Самұрық-Қазына» қорының иелігінде; 12% – Ұлттық қордың портфелі арқылы Қаржы министрлігіне тиесілі; 24,3% – Citibank номиналды ұстаушысы ретінде биржада айналымда. Бұл үлестік құрылым мемлекетке бақылау пакетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.