«Қазақтелеком» компаниясының 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы таза пайдасы 88,7% азайып, 17,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы компанияның AIX биржасында жарияланған шоғырландырылған қаржылық есебінде айтылған.
Таза пайданың күрт төмендеуіне негізінен былтырғы есептегі бір реттік табыстың болмауы әсер еткен. Атап айтқанда, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында компания «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2 және Altel операторлары) компаниясындағы 100% үлесін сатудан 106,4 млрд теңге пайда тапқан. Ал 2026 жылғы есепте мұндай табыс көрсетілмеген.
Сонымен қатар «Қазақтелеком» аталған мәміле аясында әлі де шамамен 158,9 млрд теңге алуды күтеді. Бұл сома есепте шартты өтемақы ретінде көрсетілген. 2026 жылдың тоғыз айында оның қайта бағалануы компанияға 7,57 млрд теңге табыс әкелген.
Түсім өскенімен, операциялық пайда азайды
Компанияның жалғасатын қызметінен түскен таза пайдасы 63,2%-ға төмендеп, 17,4 млрд теңге болды. Операциялық пайда 19,6%-ға азайып, 63,1 млрд теңгені құрады.
Ал есепті кезеңде:
Түсім 4,1%-ға өсіп, 444 млрд теңгеге жетті;
Сатылымның өзіндік құны 9,4%-ға артып, 350,5 млрд теңге болды;
Қарыздарға қызмет көрсету шығындары 20%-ға өсіп, 35,9 млрд теңгеге жетті;
Депозиттерден түсетін табыс 50%-ға азайып, 3,9 млрд теңгені құрады.
2026 жылдың үшінші тоқсанында компанияның түсімі 3,5%-ға өсіп, 153,4 млрд теңге болды. Алайда шілде-қыркүйек аралығындағы таза пайдасы 52,3%-ға қысқарып, 10,9 млрд теңгені құрады.
Активтері мен қарызы артты
2026 жылдың басынан бері «Қазақтелеком» тобының активтері 5,6%-ға өсіп, 1,48 трлн теңгеге жетті.
Активтердің өсуіне айналымнан тыс активтерді сатып алуға берілген аванстардың 19 есеге жуық артып, 82,3 млрд теңгеге жетуі әсер еткен. Бұл қаражат негізінен базалық станцияларды орнатуға, құрылыс жұмыстарына және жабдық жеткізуге бағытталған.
Оның ішінде 29,4 млрд теңге ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу туралы келісім аясында «Транстелекомға» аударылған.
Компания міндеттемелері 10,1%-ға өсіп, 741,4 млрд теңге болды. Қарыздар мен облигациялардың жалпы көлемі 22%-ға артып, 407,9 млрд теңгеге жетті.
Оның ішінде ұзақ мерзімді қарыздар 73%-ға өсіп, 253,3 млрд теңгені құраса, қысқа мерзімді қарыздар 17,7%-ға азайып, 154,6 млрд теңге болды.
Сондай-ақ ұзақ мерзімді шарттық міндеттемелер 3,3 есеге өсіп, 31,3 млрд теңгеге жетті. Бұған «Қазақтелекомның» МТС компаниясынан 49 жыл мерзімге радиожиілік спектрін бірлесіп пайдалану туралы келісім аясында алған аванстық төлемі әсер еткен. Келісім 2026 жылдың қаңтарында жасалған.
Қысқа мерзімді міндеттемелері айналым активтерінен асып түсті
2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша топтың қысқа мерзімді міндеттемелері айналым активтерінен 80,2 млрд теңгеге артық болған. Бұл компанияда теріс таза айналым капиталы қалыптасқанын көрсетеді.
«Қазақтелеком» басшылығы ақша ағындарының болжамын, қарыздарды өтеу кестесін және қолданыстағы кредиттік желілер бойынша қаржыландыру мүмкіндіктерін ескеретінін мәлімдеген. Компания басшылығының бағалауынша, топтың қызметін жалғастыруға жеткілікті ресурстары бар.
Есепті кезеңде компанияның меншікті капиталы 1,4%-ға өсіп, 741,4 млрд теңгені құрады. Қыркүйек айының соңында бөлінбеген пайда көлемі 625,4 млрд теңгеге жеткен.
Алғашқы тоғыз айда акционерлерге 3,45 млрд теңге дивиденд төленген.
2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Қазақтелеком» акцияларының 89,5%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, қалған 10,5%-ы басқа акционерлерге тиесілі болған.