Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының маңында әуежай салу жоспарланып отыр. Жоба Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына байланысты өңір инфрақұрылымын дамыту жоспарына енгізілген. Бұл туралы облыс әкімі Шыңғыс Әріновтің аудан тұрғындарымен кездесуінен кейін әкімдік хабарлады.
Үлкен ауылының маңында «Росатом» компаниясы қуаты 2,4 ГВт болатын Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салуды жоспарлап отыр. Станция әрқайсысының қуаты 1 200 МВт болатын екі ВВЭР-1200 энергоблогынан тұрады.
АЭС құрылысына байланысты өңірде бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, әуежай салу, Қайраткөл теміржол станциясын жаңғырту, Балқаш көлінің жағалауын абаттандыру және қонақүй кешенін салуға жер учаскелерін бөлу мәселелері қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек, Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылында құны 200 млрд теңге болатын құс фабрикасының құрылысы басталған. Кәсіпорын жылына 120 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы болады. Жоба аясында шамамен 3 мың жергілікті тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған.
Сондай-ақ Үңгіртас ауылдық округінде 400 басқа арналған сүт фермасы пайдалануға берілген. Кәсіпорын күн сайын 4–5 тонна сүт өндіріп, оны ірі компанияларға жеткізеді. Ақсеңгір ауылында тағы бір сүт фермасының құрылысы жалғасып жатыр. Қазір оның дайындық деңгейі 95%-ға жеткен.
Бұған дейін Үлкен ауылының халқы алғашқы АЭС қызметкерлерінің есебінен қазіргі 2,5 мың адамнан 15 мың адамға дейін өсуі мүмкін екені хабарланған болатын.
Ал олардың отбасы мүшелерін қосқанда ауыл халқының саны 33 мың адамға дейін жетуі ықтимал. Бұл жағдайда елді мекенге қала мәртебесін беру мәселесі де қарастырылуы мүмкін.
Жоспарланып отырған әуежай АЭС-те вахталық әдіспен жұмыс істейтін, басқа қалаларда тұратын мамандардың Үлкен ауылына қатынауын да жеңілдетеді.