2026 жылғы 19 қарашада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Freedom Банкі мектеп оқушылары арасындағы зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерді қолдауға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі тетігі «Smart Daryn» ынталандыру бағдарламасы болмақ. Бағдарлама шарттарына сәйкес, олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ педагог-тәлімгерлерге ақшалай сыйақы беріледі.
Келісімге «Дарын» РҒПО директоры Тимур Давлет пен Freedom Банкінің басқарушы директоры, Астана қаласындағы филиалының директоры Ардақ Елеусізов қол қойды.
Серіктестік аясында Банк республикалық деңгейдегі алты ірі олимпиадаға қолдау көрсетеді. Бірлескен алғашқы жоба ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада болмақ. Марапаттау рәсімі 20 қарашада Астана қаласында өтеді. Олимпиада қорытындысы бойынша 200-ге жуық жүлдегер Freedom Банкінен ақшалай сыйақы алады.
Сыйақы мөлшері иеленген орынға байланысты белгіленеді. Атап айтқанда
I орын алған оқушыға 150 мың теңге, оны дайындаған педагогке 100 мың теңге
II орын үшін тиісінше 100 мың және 50 мың теңге
III орын үшін 50 мың және 25 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.
Келісім аясында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтер туралы ресми мәліметтерді ұсынады. Ал Freedom Банкі ұсынылған деректерді тексеріп, бағдарлама шарттарына сәйкес ақшалай сыйақыларды төлейді.
Сонымен қатар тараптар цифрлық құралдарды дамытуды, бірлескен бастамаларды ақпараттық сүйемелдеуді және дарынды оқушылардың жетістіктерін кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр.
Бұл ынтымақтастық дарынды жастарды қолдау тетіктерін жетілдіруге, оқушылардың білімге деген ынтасын арттыруға және жеңімпаздарды дайындаған педагогтердің кәсіби еңбегін бағалауға бағытталған.