Қазақстаннан шетелге жасалған халықаралық ақша аударымдары күрт азайды. 2025 жылдың қаңтар–шілде аралығында олардың көлемі 391,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,8% төмендеді. Бұл – соңғы бес жылдағы ең төменгі деңгей, деп хабарлайды Finprom.kz сарапшылары.

Шетелге ақша аудару

Кейінгі үш жыл қатарынан төмендеу байқалып отыр. Негізгі бағыттар өзгеріссіз қалса да, олардың үлесі қысқарды:

Өзбекстан – 125,3 млрд теңге (-8,7%);

Ресей – 119,7 млрд теңге (-14,1%), нәтижесінде екінші орынға түсті;

Түркия – 67,3 млрд теңге (-26,7%).

Сонымен бірге кей елдерге аударымдар артты: Оңтүстік Корея (+26,6%, 3,3 млрд теңге), Армения (+17,7%) және Әзербайжан (+17%).

Қазақстанға келетін қаражат

Қазақстанға да ақша аз келіп жатыр. 2025 жылдың жеті айында шетелден түскен аударымдар көлемі 126,6 млрд теңгені құрап, бір жылда 10,8%-ға азайды. Бұл да қатарынан үшінші жыл төмендеп отыр. Ресей ақша көп аударылатын ел болып қалды (30,6 млрд теңге, -23,4%). Одан кейінгі орында: АҚШ – 19 млрд теңге (+6,6%); Өзбекстан – 13,2 млрд теңге.

Жүйелердің рөлі

Ақша аударымдарындағы ірі оператор – «Золотая Корона». Оның үлесі азайғанымен (324,2 млрд теңге, -20,7%), әлі де көшбасшы.

Оның орнын біртіндеп халықаралық жүйелер басып келеді: Western Union – 45,6 млрд теңге (+47,8%); MoneyGram – 9 млрд теңге (+12,2%).

Кері бағытта да жағдай ұқсас: Қазақстанға келген қаражаттың басым бөлігі «Золотая Корона» арқылы (60,7 млрд теңге, -18,4%), одан кейін Western Union (40,8 млрд теңге) және MoneyGram (22,8 млрд теңге, +12,7%).