2025 жылдың қаңтар–маусым айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 14,9 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,9% артық. Алайда өсім тек импорт есебінен болды (+22,8%), ал экспорт керісінше – шамамен 10% төмендеді.
Қазақстан қаржыгерлерлер қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, бұл Қазақстанның экспорттық-мұнай-металл моделінің осалдығын көрсетеді. Қытай сұранысының қысқаруы мен шикізат бағасының төмендеуі экспорттық кірісті азайтып отыр.
Негізгі бағыттар
Экспортта азық-түлік пен көлік құралдары артса, мұнай, газ және металл өнімдері азайды. Импорт құрылымында автокөліктер (+1,2 млрд доллар), металдар (+279 млн) және химия өнімдері (+231 млн) алға шықты. Тұтынушылық сұраныстың өсуімен бірге азық-түлік, жиһаз, құрылыс материалдары және тұрмыстық тауарлардың импорты ұлғайды.
Қаржы және валюта факторлары
Саудадағы валюта да өзгеріп келеді. Юаньның үлесі айтарлықтай артты: KASE-де CNY/KZT сауда көлемі бір жылда 93% өсті. Бұл – бизнес тарапынан транзакциялық шығындарды қысқарту және Қытайға бейімделудің белгісі. Доллар әлі негізгі есеп айырысу құралы болып тұр, бірақ юань позициясын күшейтіп келеді.
Инфляция мен ішкі әсерлер
Импорттағы Қытай өнімдерінің арзандығы (ҚХР-де инфляция – 0,1%) Қазақстандағы қымбатшылықты біршама тежеп отыр. Дегенмен, ішкі инфляциялық қысым – тарифтердің өсуі, теңгенің әлсіреуі және бюджет шығындарының артуы – сыртқы факторды басып кетуде. 2025 жылдың шілде айында елдегі жылдық инфляция 11,8%-ға жетті.
Сарапшылар не дейді?
Қауымдастық талдауында атап өтілгендей, алдағы уақытта импорт сұраныс пен инфрақұрылымдық жобалар есебінен өсе береді; экспорттың көлемі мұнай мен металл бағасына, сондай-ақ Қытайдың өнеркәсіптік тұтынуына тәуелді болып қала береді; Қазақстанның металлургиясы үшін Қытайдағы сұраныс шешуші рөл атқарады, себебі отандық кәсіпорындардың жүктемесі осы нарыққа тікелей байланысты.