ҚазМұнайГаз Каспий теңізі аумағындағы Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын Лукойл компаниясымен бірлескен жоба аясында игеруді тоқтатты. Бұған ресейлік мұнай-газ компаниясына салынған санкциялар себеп болған.

ҚазМұнайГаз басқарма төрағасы Асхат Хасенов бейнеконференция барысында Каспийдің қазақстандық секторындағы бірлескен жобалардың тағдыры туралы айтты.

«Өткен жылы біз Қаламқас-теңіз және Хазар жобасы бойынша жобалау кезеңін аяқтадық. Алайда енгізілген санкцияларды ескере отырып, қазіргі таңда жобаны одан әрі іске асыру тоқтатылды», – деді ол.

Кен орындары Каспийдің қазақстандық бөлігінде орналасқан. Қорлары:

  • 8,5 млн тонна мұнай
  • 19 млрд текше метр газ

Күтілетін өндіріс көлемі – жылына шамамен 4 млн тонна (тәулігіне 80 мың баррель), ал тиімді игеру мерзімі – кемінде 5 жыл.

Алғашқы мұнай 2029 жылдың соңында өндіріледі деп жоспарланған. Жоба ҚазМұнайГаз (50%) және Лукойл (50%) арасында тең бөлінген. Жалпы инвестиция көлемі 6,4 млрд доллар болуы тиіс еді.