Қазақстанда халықаралық брендтердің ауыр жүк көліктерін шығару жолға қойылады. Саран қаласында HOWO және Sinotruk жүк көліктерін өндіретін Saran Machinery зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Ал Алматыда жыл соңына дейін Volvo тартқыштарын шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Бүгінде HOWO, Sinotruk және Scania тартқыштарын шығару игерілді. Қазір олардың бөлшектерін жергіліктендіру деңгейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін Алматыда Volvo тартқыштарын шығару жоспарланып отыр, Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізілуде», – деді премьер-министр.
Volvo FH13 жүк көліктері Алматыдағы Astana Motors зауытында құрастырылады. Бұл жөніндегі келісімге биыл маусымда қол қойылған.
Saran Machinery жылына 10 мың жүк көлігін шығармақ
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026 жылы іске асырылатын негізгі өнеркәсіптік жобалардың бірі ретінде Saran Machinery зауытын атады.
Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан кәсіпорын жылына 10 мыңға дейін HOWO жүк көлігін шығаруға қауқарлы болады.
Жобаның құны – 24 млрд теңге. Алғашқы кезеңде зауытта жүк көліктерінің кабиналары мен шассиі өндіріледі. 2026 жылы дәнекерлеу және бояу желілерін іске қосу жоспарланған. Кейін өндіріс толық циклге көшіп, қазақстандық бөлшектерді пайдалану көзделіп отыр.
Жоба қытайлық Sinotruk компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Қазақстан тарапынан оны Тимур Қарбаевқа тиесілі «Саранский МашЗавод» компаниясы іске асырып жатыр.
Басқа қандай зауыттар салынып жатыр?
Ерсайын Нағаспаев биыл жүзеге асырылып жатқан тағы бірнеше ірі өнеркәсіптік жобаны атады.
Шымкентте құны 48 млрд теңге болатын VOLTREX мотор майларын өндіру зауыты салынып жатыр. Кәсіпорын жылына 50 мың өнім бірлігін шығаруға есептелген. Компанияның құрылтайшысы – Alageum Group холдингінің негізін қалаушы әрі негізгі акционері Сайдулла Қожабаевтың ұлы Еркебұлан Ілиясов.
Тағы бір жоба – QazExpo Centre-Pipe компаниясының құны 26,8 млрд теңгелік құбырлар мен құбыр арматурасын өндіру кәсіпорны. Оның жылдық қуаты – 20 мың өнім бірлігі. Компанияның Орал қаласында құбыр шығаратын өндірістік алаңы бар. Кәсіпорын Ләззат Есекеева мен Сергей Марцевке тиесілі.