Freedom Holding Corp. компаниясының 2027 қаржы жылының екінші тоқсанындағы түсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 81%-ға өсіп, 910,1 млн АҚШ долларына жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 503,6 млн доллар болған. Бұл туралы холдингтің қаржылық есебінде айтылған.
Есепті кезеңде холдингтің салық салынғанға дейінгі пайдасы 50,2 млн доллар, таза пайдасы 46,1 млн доллар болды. Бір жай акцияға шаққандағы пайда 0,77 долларды құрады.
2027 қаржы жылының алғашқы алты айында (2026 жылғы сәуір-қыркүйек) компанияның жиынтық түсімі 1,64 млрд долларға, ал таза пайдасы 77,7 млн долларға жетті.
30 қыркүйектегі жағдай бойынша холдинг активтерінің жалпы көлемі 16,6 млрд доллар болды. Акционерлердің меншікті капиталы 2 млрд долларды құрады.
Кіріс қайдан өсті?
Түсімнің артуына бірнеше бағыт әсер еткен. Атап айтқанда:
Сақтандырудан түскен таза түсім 102,8 млн доллардан 254,8 млн долларға дейін өсті.
Пайыздық кіріс 211,7 млн доллардан 323,9 млн долларға жетті.
Тауарлар мен қызметтерді сатудан түскен түсім 20 млн доллардан 50,8 млн долларға дейін артты.
Саудаға арналған бағалы қағаздардан түскен таза пайда 66,4 млн доллар болды. Былтыр бұл көрсеткіш 37,1 млн доллар болған.
Валюталық операциялардан түскен пайда 26,7 млн долларды құрады. Былтырғы сәйкес кезеңде ол небәрі 10 мың доллар болған.
Сонымен бірге компанияның шығыстары да айтарлықтай өсті. Екінші тоқсанда шығын көлемі 859,9 млн долларға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 446,2 млн доллар болған. Шығыстың артуына сақтандыру төлемдері, пайыздық шығындар, еңбекақы және әкімшілік шығындар әсер етті.
Freedom экожүйесінің клиенттері 14,3 млн-ға жетті
2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша холдинг құрамындағы компаниялардың клиенттер саны 9,3 млн болды. Оның ішінде:
брокерлік шоттар – 907 мың;
сақтандыру сегментіндегі клиенттер – 878 мың;
қаржылық емес компаниялардың клиенттері – 1,55 млн;
Freedom SuperApp пайдаланушылары – 6,4 млн.
Серіктес компаниялардың пайдаланушыларын қосқанда, Freedom экожүйесінің жалпы клиенттер саны 14,3 млн-ға жетті.
Холдингтің басқа да жаңалықтары
Есепті кезеңде Freedom Holding бірқатар маңызды жобаны қолға алды. S&P Global Ratings агенттігі холдингтің негізгі компанияларының рейтингтерін көтеріп, кейбірінің болжамын «тұрақтыдан» «оңға» өзгертті. Сонымен қатар Moody’s Ratings агенттігі топтың үш еншілес компаниясына алғаш рет кредиттік рейтинг берді.
26 қыркүйекте Самарқандта өткен FIDE Бас ассамблеясында Freedom Holding басшысы Тимур Турлов ұйым президенті болып сайланды.
Бұдан бөлек, холдинг Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға кірісті. Олардың қатарында деректерді өңдеу орталықтары, жасанды интеллект есептеу кластері, телекоммуникациялық желілер және логистикалық жобалар бар.
Сондай-ақ Freedom Lab еншілес компаниясы Көлік министрлігімен автомобиль жолдарын бақылаудың интеллектуалды жүйесін құру туралы келісімге қол қойды. Жобаға 112 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланған.