Біреудің бөліп төлеу қарызын басқа біреу өтеп жүр

Қазақстанда бөліп төлеу қызметінің шығыны тауар бағасына қосылып отырған болуы мүмкін. Соның салдарынан тауарды бірден толық төлеп алатын тұтынушылар да бөліп төлеу құнының бір бөлігін жанама түрде өтейді. Осыған байланысты Halyk Finance сарапшылары тауардың бірден төлегендегі және бөліп төлеу кезіндегі бағасын бөлек көрсетуді ұсынады.

Halyk Finance зерттеуінде айтылғандай, қазір бөліп төлеу қызметі үшін комиссияны банкке немесе маркетплейске сатушы төлейді. Алайда сатушы бұл шығынды тауардың түпкілікті бағасына қосуы мүмкін. Нәтижесінде бөліп төлеу қызметінің құнын тек осы мүмкіндікті пайдаланатындар емес, тауарды бірден сатып алатын тұтынушылар да көтереді.

«Экономикалық мәні жағынан бөліп төлеу тұтынушылық несиеге жақын. Оның құны сатушының маркетплейске немесе банкке төлейтін комиссиясына қосылады және тауар бағасына енгізіледі. Мұндай жағдайда тауарды бірден толық төлейтін сатып алушылар да шығынның бір бөлігін көтереді. Біздің бағалауымызша, бұл модель несие құнының бөлшек сауда бағасына ішінара ауысуына әкеледі. Бірден төлегендегі баға мен бөліп төлеудің толық құнын бөлек көрсету нарықтың ашықтығын арттырар еді», – делінген зерттеуде.

2026 жылғы қыркүйекте Ұлттық банк бөліп төлеу және BNPL нарығына қатысты талқылауға арналған құжат жариялады. Онда реттеуші банктер ұсынатын және банктік емес бөліп төлеу өнімдерін бір-бірінен ажыратты.

Банктік бөліп төлеу – пайыздық мөлшерлемесі нөлге тең несие. Сондықтан ол тұтынушылық кредит ретінде реттеледі. Банктер клиенттің төлем қабілетін бағалап, мұндай міндеттемелерді оның кредиттік тарихында көрсетуге тиіс.

Ал сатушылар мен қаржылық емес BNPL-провайдерлер ұсынатын бөліп төлеу қызметтері басқа тәртіппен реттеледі. Мұндай міндеттемелер туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беру әзірге ерікті негізде жүзеге асуы мүмкін.

Ұлттық банк бұл сегментте бірнеше тәуекел бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, қосымша қарыз жүктемесі басқа кредиторларға көрінбеуі, сондай-ақ тұтынушылардың жасырын төлемдер мен айыппұлдарға тап болуы ықтимал.

Нарықтың ашықтығын арттыру үшін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі барлық қатысушыларға ортақ талаптар енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Оның ішінде бөліп төлеу туралы ақпаратты кредиттік бюроларға міндетті түрде беру, мәміле шарттарын ашық көрсету, айыппұлдар мен өсімпұлдарды шектеу, клиенттің төлем қабілетін бағалау және бөліп төлеу мерзімін шектеу мүмкіндігі бар.

Реттеушілердің мақсаты – тұтынушыларды қорғаудың бірыңғай базалық талаптарын енгізе отырып, бөліп төлеу қызметінің қолжетімділігін сақтау.

Қазақстандықтар тұтынушылық несиені аз ала бастады

Halyk Finance зерттеуінде кепілсіз тұтынушылық несиелердің (КТН) өсу қарқыны да баяулағаны көрсетілген.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несиелердің көлемі 12,2 трлн теңгеге жетті. Бұл халыққа берілген барлық несиенің 45,8%-ын құрайды. Бір жылдағы өсім 6,8% болды.

Осылайша, соңғы бірнеше жылда алғаш рет кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны инфляция деңгейінен төмен түсті. Қыркүйекте инфляция 9,3% болған.

Салыстыру үшін, 2025 жылы кепілсіз тұтынушылық несие портфелі 13,1%, 2024 жылы 22,7%, ал 2021 жылы 46,3% өскен.

Сонымен қатар тұтынушылық кредиттеу құрылымы да өзгеріп жатыр. Бұрын несие портфелі негізінен қарыз алушылар санының артуы есебінен ұлғайса, қазір өсімге бір клиентке шаққандағы орташа қарыз көлемінің көбеюі әсер етіп отыр.

Ұлттық банктің дерегінше, кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жалпы берешектің шамамен 90%-ы қарыз алушылардың жартысына тиесілі. Ал жалпы қарызы 1 млн теңгеге дейінгі клиенттердің үлесі бір жылда 59%-дан 54%-ға дейін төмендеген.

«Экономика үшін тұтынушылық кредиттеудің қалыпты қарқынмен өсуі де маңызды. Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың соңында жалпы берешектің шамамен 90%-ы қарыз алушылардың жартысына тиесілі болған. Бұл ірі несиелердің белгілі бір топтағы клиенттер арасында шоғырланғанын көрсетеді», – делінген зерттеуде.

Әсіресе ірі көлемде несие алған азаматтардың берешегі жылдам өсіп жатыр. Қарызы 5 млн теңгеден асатын клиенттер тобының берешегі 2025 жылы 18,6%-ға ұлғайған. Ал оған дейінгі жылы өсім 46% болған.

Бұл топта қарыз жүктемесі де жоғары. Қарызы 5 млн теңгеден асатын азаматтардың 62%-ында несие төлемдері табысының 30%-ынан асады. Ал 79%-ы төрт немесе одан да көп несие төлеп отыр.

Бөліп төлеу нарығының өсімі де баяулады

Соңғы жылдары кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсуіне пайызсыз қарыздар, яғни банктік бөліп төлеу қызметтері елеулі үлес қосты.

2023–2024 жылдары пайызсыз несиелер пайыздық несиелерге қарағанда жылдам өскен. Атап айтқанда, 2023 жылы олардың өсімі 31,5%, ал пайыздық несиелердікі 27,8% болды. 2024 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 40,1% және 17,8%-ды құрады.

2025 жылы екі сегменттің өсу қарқыны бірдей болып, 13,1%-ды көрсетті.

Ал 2026 жылы бөліп төлеу нарығының өсімі одан әрі баяулады. 1 қазандағы жағдай бойынша пайызсыз несиелердің көлемі бір жылда 3,9% ғана өскен. Ал пайыздық несиелер бойынша өсім 7,6% болды.

Нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық несиелер портфеліндегі пайызсыз қарыздардың үлесі 2025 жылдың басындағы 24,1%-дан 21%-ға дейін төмендеді.

Сонымен бірге бөліп төлеу бойынша мерзімі өткен берешек деңгейі пайыздық несиелерге қарағанда жоғары болып отыр.

2026 жылғы 1 қазанда пайызсыз несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің үлесі 8,1%-ға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 6,5% болған. Ал пайыздық несиелер бойынша мерзімі өткен берешек 6,1%-дан 6,6%-ға дейін өскен.

Ұлттық банктің бағалауынша, кепілсіз тұтынушылық несиелер өсімінің баяулауы реттеуші енгізген шектеулермен және банктердің несие беру саясатын қатаңдатуымен байланысты. Сонымен қатар қаржы реттеушісі ірі қарыздардың шоғырлануын және банктердің клиенттердің төлем қабілетін бағалау сапасын бақылауды жалғастырады.

Айта кетейік, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин 2026 жылғы 10 қарашада Қазақстанда бөліп төлеу қызметінің қолжетімділігін шектеу жоспарда жоқ екенін мәлімдеген болатын.

Қыркүйекте реттеуші бөліп төлеу нарығын дамытуға қатысты өз ұстанымын жариялаған еді. Ұлттық банктің түсіндіруінше, ұсынылып отырған өзгерістер негізінен банктік емес бөліп төлеу өнімдеріне қатысты.