2025 жылдың үшінші тоқсанында (шілде–қыркүйек) халықтың депозиттері 1 трлн теңгеге немесе 4% өсіп, 26,3 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының шолуында айтылған.

Бұл өсімнің 3,7 пайыздық тармағы теңгелік депозиттерге, ал небәрі 0,3 пайыздық тармағы валюталық салымдарға тиесілі. Бұл теңге бағамының әлсіреуіне қарамастан, елде доллардан кетудің жалғасып жатқанын көрсетеді.

Кейінгі бес жылда теңгелік депозиттер 2,5 еседен көп өссе, валюталық жинақтар шамамен үштен біріне ғана артқан. Соның нәтижесінде валюталық депозиттердің жалпы көлемдегі үлесі 0,6 пайыздық тармаққа төмендеп, 22,5%-ды құрады — бұл тарихи минимум.

«Валюталық депозиттердің мұндай деңгейі Қазақстанның экономикасын дедолларизацияланған елдер қатарына жақындап қалғанын көрсетеді. Валюта қорының зерттеуіне сәйкес, ел экономикасының долларлану деңгейі, оның ішінде депозиттердің долларлануымен анықталады — валюталық депозиттердің үлесі 20%-дан төмен болғанда, ел экономикасы дедолларизацияланған болып саналады», — делінген шолуда.

Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттердің 62,8%-ы – ірі сегментке жатады, яғни 50 млн теңгеден асатын жинақтар. Мұндай жинақ иелерінің жинақ көлемі әлдеқайда үлкен, және олар үшін басты мақсат — табысты көбейту емес, жинақтарды сақтау және тәуекелдерді диверсификациялау.

Бұқаралық сегмент (15 млн теңгеге дейінгі депозиттер) әлі де нарықтың негізі болып отыр: жиынтық депозиттік портфельдің 48,2%-ы және ұлттық валютадағы депозиттердің 55,7%-ы осы топқа тиесілі.

Бұқаралық және орта сегменттердің жинақтары (15-тен 50 млн теңгеге дейін) қазақстандықтар міндетті шығындарды жапқаннан кейін қалатын «еркін» ақшадан қалыптасады. Олар, негізінен, қысқа және орта мерзімді қажеттіліктерге және «қауіпсіздік жастығын» құруға бағытталған.

Сол себепті бұқаралық және орта сегмент теңгемен депозит ашуды дұрыс көреді, өйткені елдегі барлық шығын ұлттық валютада жасалады. Сонымен қатар теңгелік депозиттердің валюталық жинақтармен салыстырғанда табыстылығы жоғары, бұл қаражаттың сатып алу қабілетін сақтап, жинақ пен шығын арасындағы синхрондылықты қамтамасыз етеді және теңгелік депозиттерді жинақ үшін ең ұтымды құралға айналдырады.

«Мұндай көрсеткіштер салымшылардың депозиттерді өз жинақтарын инвестициялау және инфляциялық тәуекелдерден қорғаудың негізгі құралы ретінде қарайтынын дәлелдейді, әсіресе қазіргі қолайлы сыйақы мөлшерлемелерін ескерсек», — деп жазылған шолуда.

Мұны Ұлттық банк жүргізген халық сауалнамасы да растайды: респонденттердің 84%-ы өз жинақтарын депозитте сақтауды жөн көреді.