Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың Нигерияға ресми сапарында белгілі болды.
Нигерияның Мұнай министрі Хайнекен Локпобиримен кездесу барысында мұнай барлау, өндіру, тасымалдау және өңдеу саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Қазақстан мен Нигерия қазақстандық мұнайды Нигерияның мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу мүмкіндігін зерттеуге қызығушылық білдірді. Өз тарапынан Нигерияның мұнай ресурстары министрі ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып, әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі мәртебесіне қарамастан Нигерия ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру және мұнай өнімдерінің экспортын ұлғайту үшін шикізаттың қосымша көлеміне мұқтаж болып отырғанын атап өтті.
Нигерияның Өнеркәсіп, сауда және инвестициялар министрлігінің Тұрақты хатшысы Нура Абба Римимен өткен кездесуде тау-кен саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер, атап айтқанда, пайдалы қазбаларды барлау және өңдеу саласындағы ынтымақтастық қарастырылды. Қазақстан тарапы шикізатты өңдеудің инновациялық технологияларын бірлесіп қолдануға және өндірістік қуаттарды бірлесіп құруға қызығушылық білдірді.
Қазақстан Нигерияға экспортқа 300-ден астам тауар атауын ұсынды, сондай-ақ Нигериядан какао-бұршақтарын тікелей импорттау мәселесін қарастырды. Екі ел арасындағы тауар тасымалына арналған ықтимал үш сауда дәлізі қарастырылып, ҚР Көлік министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.
Қазақстандық делегация Нигерияның «NEXIM Nigeria» банкі басшылығымен кездесті. Банк елдегі ең ірі экспорттық және импорттық операцияларды қаржыландырады. Келіссөздер нәтижесінде «NEXIM Nigeria» мен Қазақстанның Экспорттық-несиелік агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.