«Қазақмыс Корпорациясының» тікелей акционері — «Kazakhmys Copper» АҚ өз акционерін ауыстырды. Нидерландыда тіркелген KCC B.V. компаниясының орнына, оның акционері Астанадағы АХҚО-да (Астана халықаралық қаржы орталығы) тіркелген «KCC Copper Limited» компаниясы болды.
Бұл өзгеріс 2025 жылғы 9 желтоқсанда болды. KCC Copper Limited 2025 жылдың қараша айында АХҚО-да тіркеуден өткен. Оның қызметі ретінде «холдингтік компания» көрсетілген, ал акционері ретінде Kazakhmys Holding Limited белгіленген. Соңғысы да АХҚО қатысушысы, ол 2021 жылдың тамыз айында құрылған және оның иелері Владимир Ким мен Эдуард Огай болып көрсетілген. 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, KCC B.V. Kazakhmys Copper акцияларының 100%-ына иелік еткен, ал Kazakhmys Copper-дің соңғы бас ұйымы АХҚО-да тіркелген Kazakhmys Holding Limited болған.
Айта кетсек, 10 желтоқсанда «Қазақмыс» корпорациясы жаңа акционерге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға бақылау жүргізу құқығын өткізуді көздейтін келісімнің негіздемелік шартына қол қойылғанын хабарлады. «Келісімге «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың ортақ шешімі бойынша қол қойылды. Құжатқа қол қою бақылауды тапсыру процесінің басталғанын білдіреді. Таяуда белгіленген рәсім аясында келісім бойынша барлық тиісті іс-шара мен міндеттеме жүзеге асырылып, компанияның үлесін сатып алу-сату келісімшарты жасалады», – делінген компания хабарламасында.