Қазақмыс корпорациясы ресми түрде Нұрлан Артықбаевтың Qazaq Stroy тобына өтті. Мәміленің аяқталғанын Qazaq Stroy өкілдері растап отыр.
Осы жылдың қараша айының соңында-ақ Артықбаевтың «Қазақмысты» сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі болған. 10 желтоқсанда акционерлік қоғам рамалық келісімге қол қойылғанын және бақылауды беру рәсімі басталғанын хабарлады.
Құжатқа «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың ортақ шешімімен қол қойылған. Нәтижесінде, жоспарланғандай, мәміле жыл соңына дейін аяқталды.
Forbes деректеріне сәйкес, «Қазақмыстың» жылдық түсімі 1,3 трлн теңгені құрайды, ал қызметкерлер саны 32 мың адамнан асады.
Нұрлан Артықбаев 2025 жылы құрылыс нарығындағы негізгі ойыншы ретінде өз позициясын нығайтты. Ол Qazaq Stroy тобына иелік етеді және «Самұрық-Қазынамен» байланысты газ өндіру компаниясының тең иесі атанды.
Telecom Systems Ltd арқылы Артықбаев «Қазақтелекомның» 9,19%-ын бақылайды. Бұл үлесті ол 2024 жылдың соңында Jusan Bank-тен сатып алған. Forbes оның дәулетін 228 млн доллар деп бағалап, Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 44-орынға қояды.
Сондай-ақ 2025 жылдың қарашасында кәсіпкер «Ақтөбе» футбол клубын сатып алғаны белгілі.