Қазақстанда әлеуеті Кашаган кен орнымен бірдей ірі карбонатты массив анықталды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Ісқазиев Астанада өткен геологиялық форумда мәлімдеді.

Оның айтуынша, геологиялық барлаудың негізгі бағыты Қаратон, Қажығали және Жылыой учаскелерін қамтитын Жылыой карбонат платформасы болған.

«Анықталған Қаратон, Қажығали және Жылыой карбонатты массиві Кашаган кен орны конфигурациясын қайталайды. Оның ресурстық әлеуеті 4,7 млрд тонна көмірсутекке бағаланып отыр. Бұл Кашаганның геологиялық әлеуетімен шамалас. Алайда Кашаган теңіздің таяз бөлігінде орналасқан және үлкен капиталдық шығындарды талап етеді, ал бұл массив құрлықта жатыр, сондықтан шығын айтарлықтай аз болады», – деді Құрманғазы Ісқазиев.

Жалпы, Жылыой карбонатты массивінің ресурстық әлеуеті 20 млрд тонна шартты отынға бағаланады.

Қаратон учаскесінде 5750 метр тереңдікке дейін ұңғыма бұрғыланып, оң нәтиже берген. Бес перспективалы нысан анықталған.

Компания өкілінің айтуынша, Қаратонда табысты нәтиже алынғаннан кейін барлау жұмыстары Қажығали учаскесінде кеңейтіледі. Қазір жер қойнауын пайдалану келісімшартын алу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Жаңа жоба қолданыстағы өнімді бөлу туралы келісімдерге қатысы жоқ және бөлек жүзеге асырылады. Жобаға серіктес ретінде басқа компаниялар, соның ішінде «Татнефть» қатысады.

Айта кетейік, биыл ақпанда Атырау облысы аумағындағы Қаратон Подсолевой учаскесінде терең барлау ұңғымасын сынау кезінде газдың фонтаны алынған.