Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) соңғы уақытта қасақана банкроттыққа ұшырау жағдайлары жиілеп кеткенін хабарлады. Мұндай жағдайда компаниялар өз міндеттемелерін орындай алмай немесе оларды орындаудан әдейі жалтару мақсатында сот арқылы банкрот деп танылады.

Қасақана банкроттық ұғымы ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңында бекітілген. Оған сәйкес, бұл — құрылтайшының, лауазымды тұлғаның, сондай-ақ жеке кәсіпкердің мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтаруға бағытталған қасақана әрекеттері.

Көрінеу тиімсіз немесе жалған мәмілелер жасау, активтерді шығару, берешекті өндіріп алудан бас тарту, мүлікті жасыру және басқаға беру, берешекті жалған ұлғайту, басқару және есепке алу жүйесін әдейі бұзу және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер қасақана банкроттық белгілері болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының заңнамасында, атап айтқанда жоғарыда аталған Заңда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте және ҚР Қылмыстық кодексінде құрылтайшылар мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылған.

Егер банкроттықтың қасақана жасалғаны анықталса, бақылаушы тұлға сот тәртібімен субсидиарлық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, яғни компанияның қарыздарын өз қаражаты есебінен төлеуге мәжбүр болады. Бұдан бөлек, кінәлі тұлға әкімшілік немесе қылмыстық тергеу нәтижелері бойынша айыпты деп танылса, субсидиарлық жауапкершілікке тарту мәселесі тіпті банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін де жүруі мүмкін.

2024-2025 жылдар аралығында банкроттық рәсіміндегі барлық борышкердің қызметіне жасалған талдау нәтижесінде, компанияларды қасақана банкроттыққа ұшырату белгілері бойынша 120 әкімшілік іс және 44-тен астам қылмыстық іс қозғалды.

Енді мемлекеттік кірістер органдары қасақана банкроттық белгілерін анықтау, мәмілелерді, компаниялар арасындағы байланыстарды және борышкерлердің іс-әрекетін талдау үшін автоматтандырылған құралдар қолдануды жоспарлап отыр. Осы мақсатта оңалту және банкроттық рәсімдерін автоматтандыру бойынша белсенді жұмыс басталды.

Мәселен, Жамбыл облысындағы компанияның бұрынғы директоры 2024 жылы сот үкімімен қасақана банкроттыққа ұшыратқаны үшін кінәлі деп танылды. Ал 2025 жылы сот бұл тұлғадан кредиторлар пайдасына 45 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алды. Бұл ақша компания банкрот деп танылар алдында банктік шоттардан қолма-қол шығарылған.

Тек 2025 жылдың өзінде кінәлі тұлғаларға қатысты осындай 12-ден астам сот шешімі шығарылды. Борышкерлердің заңсыз әрекеттерін анықтаудың автоматтандырылған процестерін енгізуді ескере отырып, мемлекеттік кірістер органдары құқық қорғау органдарына жолданатын материалдардың аналитикалық негіздемесі мен жүйелі дәлелдемелік базасы есебінен олардың тиімділігі артады, сәйкесінше сотқа жолданатын талап қоюлар саны көбейеді деп болжап отыр.