Қазақстанда миллиардтаған теңгеге қаржыландырылған бақша шаруашылығы жобаларының 65%-ы орындалмаған. Саланы дамыту үшін жүйелі, келісілген мемлекеттік саясат қажет. Бұл туралы Сенат отырысында ҚР Премьер-Министріне сауал жолдаған депутат Сұлтан Дүйсембинов айтты.
«Аграрлық несие корпорациясы 2015 жылдан бері жалпы құны 48 млрд теңгені құрайтын 46 қарқынды бау-бақша жобасын қаржыландырды. Алматы облысында – 18 жоба, оның 12-сі іске асыру сатысында, Жамбыл облысында – 14 жоба, алайда егілген жеміс ағаштары қурап қалған. Түркістан облысындағы 13 жобаның ауыл шаруашылығы басқармасында 3-не ғана қатысты ақпарат бар, қалған 10 жобаның іске асырылу жағдайы туралы мәлімет жоқ», — деді сенатор.
Ол мемлекеттік аграрлық саясатта жүйелі бақылау мен жауапкершілікте әлсіздік бар екенін айтты.
Миллиардтаған теңге бөлінгенімен, нақты нәтижелер өте аз, уәкілетті мемлекеттік органдар әрбір жобаға жан-жақты талдау жүргізіп, белгіленген тәртіпте негізді де шынайы ақпарат беруі керек, деді Сұлтан Дүйсембинов.
Оның айтуынша, жүйелік мәселелердің шешілмеуі саланың дамуына айтарлықтай кедергі келтіруде. 2024 жылы республика бойынша жеміс-жидек дақылдарының жалпы ауданы 35,3 мың гектарды, жиналған өнім көлемі 317 мың тоннаны құрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жеміс-жидектердің жылдық тұтыну көрсеткіші бір адамға 120 кило болса, бізде бұл көрсеткіш 80 кило ғана.
«Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, жергілікті шаруалардың саладағы негізгі проблемалары бар: өнімді тарату арналарының әлсіздігі, сауда желілеріне кірудің қиындығы және көшет материалдарының тапшылығы. Жылына 7 млн көшетке сұранысы болса, отандық өндіріс небәрі 1,5 млн-ды ғана қамтамасыз етеді», — деді Сұлтан Дүйсембинов.
Тағы бір мәселе – өңдеу, сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, заманауи қоймалар мен өңдеу цехтарының жоқтығы. Өңдеу қуаттарын пайдалану 36,6%-ды ғана құрайды.
Сонымен қатар, кадр тапшылығы, су ресурстарының тапшылығы, суды үнемдейтін технологиялардың жеткіліксіз пайдаланылуы және цифрландыру деңгейінің төмендігі байқалады.
Сөз соңында сенатор мынадай ұсыныстар айтты:
- импорттық өніммен бәсекелестіктен қорғау шараларын қабылдау, маусымдық кедендік баждарды енгізу;
- өнімді өңдеу мен өткізуді үйлестіре отырып, фермерлік кооперацияны дамыту;
- көшет өндіруді 70%-ға дейін субсидиялау;
- сақтау және өңдеу инфрақұрылымын нығайту және аймақтық агрохаб құру;
- ауылдағы кадр саясатын қайта қарау, дуальды оқытуды дамыту, әлеуметтік қолдау көрсету;
- ғылыми зерттеулер мен селекцияны қолдау, маркалы сорттарды дамыту;
- саланы цифрландыру және заманауи агротехнологияларды енгізу бойынша жол картасын әзірлеу.