Қазақстанда қайтарылмайтын әуе билеттерін алып тастау ұсынылды. Алайда, бұл билет құнының өсуіне әкелуі мүмкін. Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл шара әлі қабылданбағанын және талқыланып жатқанын мәлімдеді.

«Бірінші айта кететін нәрсе – бұл халықаралық тәжірибе. Шынымен де, барлық билетті 100% қайтарылатын етіп есептесек, бұл жалпы бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Өйткені әуе компаниясы өз моделінде жолаушылардың белгілі бір бөлігі қандай да бір себептермен рейске келмейтінін, ұшпайтынын және кейіннен осы орынның бос қалып, ұшақтың жолаушысыз ұшатынын ескереді. Толық өтемақыны ескерсек, бұл шығындар ұшқан басқа жолаушыларға теңдей бөлінетінітүсінікті», – деді Ластаев.

Вице-министрдің айтуынша, министрлік бұл мәселені депутаттармен, сарапшылармен, соның ішінде халықаралық сарапшылармен талқылап жатыр. Шешім барлық жолаушыға жағымсыз әсер етпеуі үшін мұқият саралануы керек.

«Кейбір жағдайларда жолаушыға [билет бағасын] қайтару қажеттілігі бар, кейбір жағдайда бұл негізді. Кейбір жағдайларда халықаралық тәжірибені басшылыққа алу қажет. Мәселе қазір талқыланып жатыр», – деді вице-министр.

Айта кетсек, Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму Комитетінің отырысы өтті, оның шеңберінде Сауда және интеграцияның бірінші вице-министрі Айжан Бижанова «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасын және ілеспе заң жобасын ұсынды. Онда қайтарылмайтын әуе билеті мен қосымша тауар мен қызмет таңу заңсыз болатыны айтылған.