Жері мен бизнесі барлар әлеуметтік көмек ала алады

Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі пысықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атап өткендей, әдістемені жетілдіру кезінде бағалаудың жекелеген критерийлері қайта қаралды.

«Ипотекалық қарыздарды қоса алғанда, кірістер мен несиелік міндеттемелерді бағалау тәсілдері өзгертілді. Автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар болуы мен олардың жай-күйі ескерілді. Бұл ретте біз зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасын есептен толығымен алып тастадық. Жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғаның болуы ескерілмейді. Сондай-ақ ұсақ жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылықтың болуын назарға алмаймыз», — деп атап өтті министр.

Оған қосымша отбасын асырауға арналған шығынды, несие міндеттемелерін, сондай-ақ жалғыз асыраушының және жалғыз тұрғын үйдің болуына байланысты мән-жайларды есепке алу көзделеді.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіне ревизия жүргізіледі, ал өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп жәрдемақы алушылардың материалдық жағдайын тексеру жүзеге асырылады. Бұл шаралар азаматтардың әл-ауқатын бағалаудың дәлдігін арттыруға және мемлекеттік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Оның мәліметінше, 2026 жылғы қарашада мұқтаждық критерийін кезең-кезеңімен енгізуге қажетті тетіктерді жетілдіру жұмыстары аяқталады. Бұл қағидат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Пилоттық жоба 2027 жылғы 1 қаңтарда басталады. Қаңтар-ақпан айларында табыс деңгейі жоғары азаматтар, ал ақпан-сәуір айларында ауқатты азаматтар қамтылады.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жәрдемақының 14 түріне мұқтаждық критерийі қолданылады.