Қазақстанның тұрғын үй саласындағы басты қаржы институттарының бірі – Отбасы банкі алдағы IPO-дан соң жаңа даму жолына түсуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, банкке әмбебап қаржы ұйымына айналу талабы қойылады, деп жазады Forbes.kz.
Әмбебаптыққа бетбұрыс: сарапшылар пікірі
Алматыда өткен халықаралық конференцияда («Тұрғын үй жинақтары: өңірлік тәжірибе және стратегиялық көшбасшылық») Отбасы банкі директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор Нұрлан Токобаев банктің келешегіне тоқталды.
Оның айтуынша, IPO-дан кейін акционерлердің – соның ішінде миноритарлық және институционалды инвесторлардың – банктен көбірек өнім ұсынуды талап етуі ықтимал.
«Егер IPO жүзеге асса, Отбасы банкі ұзақ уақыт жабық жүйеде жұмыс істеген моделін қайта қарауға мәжбүр болады. Жаңа жағдайда ол екінші деңгейлі банктермен бәсекелесуге тиіс. Бұл – үлкен тәуекел, бірақ сонымен бірге даму мүмкіндігі», – деді ол.
IPO-ға дайындық: халықаралық серіктестер тартылды
Отбасы банктің негізгі акционері – «Бәйтерек» холдингі. Холдинг басқарма төрағасының орынбасары әрі банктің директорлар кеңесінің төрағасы Жандос Шайхының сөзінше, IPO-ға дайындыққа Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC, Дүниежүзілік банктің тобына кіреді) тартылған.
Шайхы атап өткендей, IPO банкке қосымша капитал тартып қана қоймай, Орталық Азия аймағына кеңеюге жол ашуы мүмкін. Бұл өңірдің нарығы шамамен 80 млн адамды құрайды.
Сонымен қатар акцияларды орналастыру зейнетақы қорлары, басқарушы компаниялар және институционалды инвесторлар үшін жаңа инвестициялық мүмкіндік береді.
Қашан іске асады?
IPO-ның нақты мерзімі белгісіз. Сарапшылардың болжамынша, ол жаңа «Банктер және банк қызметі туралы» заң күшіне енгеннен кейін жүзеге асады. Бұл инвесторларға Отбасы банкінің қаржылық көрсеткіштерін жаңартылған құқықтық ортада бағалауға мүмкіндік береді.