2026 жылғы 12 қаңтардың кешінен бастап қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделу ақысын төлеуге уақытша өтінім бере алмайды, деп хабарлайды Отбасы банкі. Платформада өтініштерді қабылдау сағат 19:00-ден бастап тоқтатылды.

Отбасы банкінің хабарлауынша, бұл шешім зейнетақы жинағының артық бөлігін медициналық қызметтерге пайдалану ережелерінің қайта қаралуына байланысты болып отыр. Банк Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, БЗТ есебінен емделуге қойылатын талаптарды жаңартуды және ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр.

Өзгерістердің мақсаты — зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалануды болдырмау және оның медициналық қызметтерге жұмсалуын бақылауды күшейту.

Отбасы банкі өтінімдерді қабылдау қашан қайта басталатыны туралы барлық жұмыс аяқталғаннан кейін қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.

Айта кетсек, мұндай медициналық мақсаттарға алудың нақты бір санаты бойынша күрт өсім  бірінші рет болып тұрған жоқ. Бұған дейін халық зейнетақы ақшасын пластикалық операцияға алып жатқаны хабарланған еді. 2025 жылдың қараша айында реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын – яғни, пластикалық операцияларды төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдеріне қатысты 2 277 өтініш орындалған. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады. Өткен аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен 33 және 39 есе өскен. Содан кейін Отбасы банк зейнетақы жинағындағы артық ақшаны пластикалық операцияға жұмсауға тыйым салды

15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының «артық» бөлігін тіс емдеуге пайдалана алмайтын болған еді.

Содан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін 1,4 млрд теңге көлемінде 1611 өтінім орындалды. Бұл тамызбен салыстырғанда 5,8 есе көп, ал сома жағынан өсім 7 есеге жеткен. Соңғы 12 айдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда да рекордтық өсім байқалды — тиісінше 7,9 және 9,3 есе жоғары.

Ал қазан айында  азаматтардан көз ауруларын емдеу мақсатында зейнетақы жинағынан біржолғы төлем жасау туралы 15,4 мың өтініш орындалды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда шамамен 10 есе көп, ал 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы орташа көрсеткіштен 73 есе жоғары. 

«Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге өтінімдер қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Банк осы күнге дейін берілген өтінімдер жұмысқа қабылданатынын мәлімдеді.

Ал 2025 жылдың желтоқсан айында радиохирургиялық емдеу әдістерінің ақысын төлеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға арналған 7154 өтінім орындалды. Орындалған өтінімдердің жалпы сомасы шамамен 5,6 млрд теңгені құрады