Орталық Азия стартаптары үшін Дубайда халықаралық IT-хаб ашылады

Орталық Азия стартаптары үшін Дубайда халықаралық IT-хаб ашылады

Dubai AI Week аясында Astana Hub, IT Park Uzbekistan, DIFC Innovation Hub және Al-Farabi Innovation Hub өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы келісімге сәйкес, 2025 жылдың күзінде Дубайда халықаралық хаб пен акселерациялық бағдарлама іске қосылады. Жаңа бастамалар қазақстандық және өзбекстандық стартаптарға Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) нарығына шығуға жол ашып, капиталға, инфрақұрылымға және менторлық қолдауға қол жеткізуге жағдай жасайды.

«Өзбекстанмен ынтымақтастықта ашқан төрт технологиялық хаб бүгінде АҚШ, Сингапур, Сауд Арабиясы мен Ұлыбританияда жұмыс істеуде. Бұл орталықтар Орталық Азия стартаптарының әлемдік нарыққа шығуына жол ашты. Енді біз цифрлық экономикасы қарқынды дамып жатқан Біріккен Араб Әмірліктерінде өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз. Дубай стартаптарды ауқымды дамытуға, инвестиция тартуға және стратегиялық серіктестіктер орнатуға ерекше мүмкіндік ұсынып, қазақстандық технологиялық компаниялардың өсуіне ықпал етпек», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Меморандум аясында инновациялық бағдарламалар мен стартап негізін қалаушыларға арналған білім беру тректері әзірленіп, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

«Дубай қаласында хаб ашу – Орталық Азияның әлемдік технологиялық нарықтағы орнын нығайтатын стратегиялық қадам. Қазақстан мен БАӘ-дегі серіктестерімізбен бірлесе отырып, біз өзбекстандық әрі өңірлік стартаптарға MENA аймағының алдыңғы қатарлы ресурстарына, инвестицияларына және сараптамасына жол ашатын көпір саламыз. Бұл тек мамандарымыздың таным көкжиегін кеңейтіп қоймай, Орталық Азия инновациялық шешімдерінің жаһандық цифрлық экономикаға интеграциялануына да серпін береді», – деді IT Park-тың жаһандық маркетинг директоры Жәмилә Халибаева.

Дубайда қол қойылған келісім Astana Hub пен IT Park Uzbekistan-ның AlmatyFair.ai көрмесінде Growth Vision Pro Ltd компаниясымен жасасқан Шанхайда хаб ашуды көздейтін келісімінің жалғасы болды. Жаңа мәміле Central Asian Innovation Hubs альянсының халықаралық кеңею бағытын күшейтіп, Орталық Азияның біріктірілген жаһандық экожүйесін қалыптастырады.