Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ордабасы» футбол клубын жеке секторға беру жоспары туралы айтты. Ол шымкенттік клубқа қатысты да жұмыстар жүргізіліп, қазіргі уақытта бірден бірнеше әлеуетті инвестормен талқылаулар өтіп жатқанын мәлімдеді.

Әкім қала билігі мәселені тезірек реттеуге мүдделі екенін, себебі жеке басқару клуб қызметінің тиімділігін арттырып, қосымша ресурстар тартуға мүмкіндік беретінін баса айтты.

«Бұл процесс созылмайды. Біз келіссөздерді қысқа мерзімде аяқтау үшін барлық шараны қолданып жатырмыз. Әзірге кеңес жүргізіліп жатқан компаниялардың атауын атауға әлі ерте. Нақты уағдаластықтарға қол жеткізілген бойда, біз жұртшылыққа хабар береміз», — деді Ғабит Сыздықбеков.

Айта кетсек, қазіргі уақытта Қазақстандағы 14 футбол клубының бесеуі жеке қолға өткен. Алдымен Қарағандының «Шахтер» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды

Сондай-ақ «Елімай» футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.

Бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді

Сонымен қатар Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. 

«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.