Су ресурстары және ирригация министрлігі алты айға дейінгі мерзімге болжам жасайтын Talsim-NG гидрологиялық моделін бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Гидрологиялық модельдің есептеулеріне сәйкес, Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су деңгейі көпжылдық нормадан төмен болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
«Ағын судың норма шегінде болуы тек Сырдария өзенінің бүйірлік салаларының жекелеген учаскелерінде, сондай-ақ Шу өзенінің бассейнінде болжанады», – деді ол.
Іле өзенінің бассейнінде ағын су норма шегінде болады деп күтілуде, сонымен қатар салалардың жекелеген учаскелерінде су деңгейі көпжылдық нормадан жоғары болуы мүмкін.
«Биылғы жылғы су жағдайы 2025 жылы жауын-шашын аз болғандықтан қалыптасып отыр. Бүгінгі таңда модель деректеріне сәйкес, Сырдария, Шу, Талас және Іле өзендерінің бассейндерінде ағын қалыптасу аймағындағы ылғал қорының жиналуы біркелкі емес», – деді Нұржан Нұржігітов.
Негізгі ылғал қоры орта таулы аймақтарда қалыптасқан, ал биік таулы жерлерде оның көлемі көпжылдық нормадан төмен. Көктемнің басында температура жоғары болып, жаңбыр түріндегі жауын-шашын басым болса, судың келуі артады деп күтілуде, бірақ жазғы кезеңде өзендердің су деңгейі нормадан төмен болады.
«Осылайша, 2026 жылдың вегетациялық кезеңі оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндерінде су тапшылығымен өтуі мүмкін. Мысалы, Тоқтоғұл су қоймасының көлемі өткен жылғы деңгейден 1,5 км³ төмен», – деп атап өтті министр.
Болжам бойынша, Тоқтоғұл су қоймасы вегетацияның басында су жинау режиміне ауыстырылады, бұл Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының қажеттіліктері үшін мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы су беруге кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, облыс әкімдіктеріне су алу лимитін қатаң сақтау, соның ішінде күріш егу лимиттерін ескеру мақсатты деп саналады. Түркістан облысы бойынша «Достық» каналы бойында күріш егуді тоқтату, Қызылқұм каналы бойынша – 3,5 мың гектардан асырмау, Қызылорда облысы бойынша – 70 мың гектардан асырмау керек», – деді министр.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Шардара су қоймасы су жинау режиміне ауыстырылды. Су берудің келісілген режимдері сақталған жағдайда кемінде 8,3 км³ су келеді деп күтілуде. Бұл Шардара су қоймасында шамамен 5,0 км³ су жинауға, Көксарай қарсы реттегішін 2,0 км³ көлеміне дейін толтыруға және Қызылорда облысына шамамен 1,3 км³ су беруге мүмкіндік береді.
«Вегетациялық кезеңде Сырдария өзенінің бассейнінде жиналған көлемді бүйірлік ағындарды міндетті түрде ескере отырып, тиімді пайдалану жоспарлануда. Өзбекстан Республикасындағы Шарбақ су қоймасының реттеуші мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылатын болады», – деп түсіндірді Нұржан Нұржігітов.
Шу-Талас бассейні бойынша Жамбыл облысын ауыз сумен және суармалы сумен қамтамасыз ететін негізгі көз – Киров су қоймасының толмай қалу қаупі бар. Бүгінгі таңда оның көлемі 314 млн м³ құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден бір жарым есе төмен.
«1 сәуірге қарай су қоймасының көлемі шамамен 400-410 млн м³ болады деп күтілуде, бұл су бөлу үлестері бойынша Қазақстан үшін тек 285 млн м³ су алуды қамтамасыз етеді. Ал ең төменгі қажеттілік 400 млн м³ құрайды», – деп баса айтты министр.
2026 жылғы 9 ақпанда гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық кездесуі аясында «Қазгидромет» РМК мен Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы Гидрометеорологиялық қызмет арасында 2026-2028 жылдарға арналған жедел-өндірістік қызмет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
«Құжат өзендер мен су қоймалары бойынша жедел гидрологиялық ақпарат алмасуды, бассейндердің ағысы мен жауын-шашынның жиналуы бойынша болжамдармен алмасуды, өзара дауылды ескертулер мен хабарламаларды қарастырады. Сондай-ақ, биылғы сәуір айында Астанада Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі комиссияның отырысын өткізу жоспарлануда, оның қорытындысы бойынша қазақстандық тарап үшін су беру графиктері бекітіледі», – деп түйіндеді министр.