2025 жылғы қаңтар–тамызда Қазақстан өнеркәсібінің өндіріс индексі 107,6% болды. Бұл кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Елдің өнеркәсібі қайтадан экономиканың негізгі локомотивіне айналып келеді, деп жазады economykz.org.
Сегіз айда өндірілген өнім көлемі 39,4 трлн теңгеге жуықтады. Оның ішінде өңдеу секторының үлесі – шамамен жартысы, ал тау-кен өндірісі – 46%. Сарапшылардың айтуынша, бұл экономикадағы «шикізаттан өңдеуге» қарай ауысудың белгісі.
Тау-кен: экспорттық табыстың драйвері
Тау-кен өндірісі 9,6% өсті. Әсіресе:
• көмір – +11%,
• мұнай – +13%,
• газ – +15%.
Бұл экспорттық табыс әкеліп қана қоймай, логистика, энергетика, қайта өңдеу секілді салаларға мультипликативті әсер берді.
Өңдеу өнеркәсібі:э
Өңдеу секторы 6,5% өсіп, соңғы жылдардағы ең ауқымды серпін көрсетті.
• Машина жасау мен металл өнімдері – +15%.
• Тағам, химия, мұнай өңдеу, пластик өндірісі – тұрақты өсіп жатыр.
Сарапшылар мұны экономиканың диверсификациясына алғашқы қадам деп бағалайды.
Әлсіз буындар: су мен экология
Электр, газ, жылу өндірісі тұрақты өсіп жатыр. Бірақ су шаруашылығы мен қалдықтарды өңдеу саласы құлдырап, индексі 93,9% төмендеді.
Бұл көптеген өндіріс үшін тәуекел тудыруы мүмкін. Инфрақұрылымға инвестиция салынбаса, алдағы жылдары өнеркәсіптің кеңеюі тежелуі ықтимал.
Өңірлердегі жағдай
Өсім тіркелген өңірлер – 15 облыс. Әсіресе Атырау, Жамбыл, СҚО, Түркістан, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қос таңбалы өсім көрсетті.
Керісінше, Абай, Ақмола, Қызылорда, Ұлытау және ШҚО өнеркәсіп көлемін азайтқан.
Сарапшылардың сөзінше, бұл – Қазақстан картасында жаңа индустриялық орталықтар қалыптасып жатқанымен, өңірлік теңсіздік әлі де сақталып отырғанын көрсетеді.