Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстардың қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды.

Соған сәйкес, халық үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды, бұл тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аталған шара қолданыстағы «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту жолымен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар сұранысқа ие «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады, ол жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметшінің отбасына жаңа үйден бөлек, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.

Құрылыс компанияларымен осы бағдарламалар шеңберінде салынатын тұрғын үй құрылысы бойынша офтейк-келісімшарттар жасалады. Бұл ретте құрылыс салушылар үш жылға бағаны бекіту бойынша қарсы міндеттемелер қабылдайды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың өмір сүру сапасын  арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдады. Соңғы аптада азаматтарда ипотека рәсімдеу бойынша қиындықтар туындап жатқаны бәріңізге мәлім. Осыған байланысты Үкімет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады. Келешекте халыққа баспана қолжетімді болуы үшін ипотекалық несие  көлемі екі есе артты. Қараша айында «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары басталады. Жалпы, 500 млрд теңге көлемінде несие беріледі. Бұған қоса, «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. Осы бағдарламаның арқасында шамамен 7 мың әскери қызметкер дайын пәтер сатып ала алады.  Барлық пәтер Баспана маркет платформасы арқылы сатылады. Пәтерлердің бағасы мемлекет бақылауында. Қазіргі таңда құрылыс компаниялары 36 айға дейін пәтер бағасын өсірмейтіні туралы алдын ала келісімшартқа отырады»,  —  деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Айта кетсек, Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында шаралар қабылдап жатыр. Премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді. 

17 қазанда президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың Премьер-министр Олжас Бектеновке осы аптаның соңына дейін азаматтардың мүддесін ескере отырып, Үкіметтің экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру үдерісін реттеуге қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырғанын айтты. Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер енгізіп, қажетті шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі параметрлері Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді, сонымен қатар онда жаһандық конъюнктура мен қазіргі нарықтық үрдістер ескерілген деп санайды», – деп жазған еді Руслан Желдібай.