2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында мұнай экспорты 15,3 млн тоннаға дейін қысқарды, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,5% аз. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

«Есепті кезеңде мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 млн тоннаны құрады немесе өткен жылдың сәйкес кезеңінің 80,2%-ы болды. 3 айдағы мұнай экспорты 15,3 млн тонна немесе 2025 жылдың осы кезеңінің 78,5%-ы. 2026 жылға болжам – 76 млн тонна», – деді ол Үкімет отырысында.

Ақкенженовтің айтуынша, Қарашығанақта шикі газды кері айдауға арналған алтыншы компрессорды іске қосу жұмыстары жалғасуда. Бұл жылына 10–11 млн тонна деңгейінде мұнай өндіруді сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Энергетика министрлігі ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіруді арттыру шаралары бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, есепті кезеңде 13,6 млрд текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,1% аз. 2026 жылы 62,7 млрд текше метр газ өндіру жоспарланып отыр.

Тауарлық газ өндірісі 6,1 млрд текше метрді құрап, 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 16,4% төмендеді. 2026 жылға арналған болжам – 27,3 млрд текше метр тауарлық газ.