Бір жылдан кейін күтілетін инфляцияның орташа бағасы 11,4%-дан 11,6%-ға дейін өсті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) жүргізген қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасындағы кезекті сауалнама нәтижесінде белгілі болды. Респонденттер айлық инфляцияның жеделдегенін (қаңтарда – 1%) және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасының жоспарлы түрде қымбаттауын атап өтті. 

Респонденттердің 90%-ы 6 наурыздағы отырыста базалық мөлшерлеме сақталады және 12 ай ішінде 16,25%-ға дейін төмендейді деп күтеді.

Қысқа мерзімді перспективада теңге бағамы салыстырмалы түрде тұрақты болады деп күтіледі, алайда ұзақ мерзімде (12 ай) 1 доллар 544,7 теңге деңгейінде болжанып отыр.

Бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы ұсыныстың артуы және сұраныстың баяу өсуі аясында бұрынғы жорамал 62,2 доллардан 61,8 долларға дейін төмендейді деп болжанды.

2026 жылы ЖІӨ өсімі бойынша болжам 4,7%-дан 5%-ға дейін ұлғайды.