Үкімет әзірлеп жатқан халық табысын арттыру бағдарламасында азаматтық қызметшілердің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин мәлімдеді.
«Қазіргі таңда үкімет халық табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, жаңартып жатыр. Мамыр айында таныстырамыз. Қазір ол мемлекеттік органдармен келісу кезеңінен өтуде. Онда түрлі қолдау шаралары бар, соның ішінде жалақыны арттыру да қарастырылған, оның ішінде азаматтық қызметшілерге — мұғалімдерге, дәрігерлерге және т.б.», – деді ол.
Амриннің айтуынша, аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысының қаншалықты өсетіні бюджет мүмкіндіктеріне байланысты болады.
«Барлығы бюджетке байланысты. Қазір келесі жылдың бюджетін қалыптастыруды бастап жатырмыз, осы үдеріс аясында бұл мәселелер бағдарламамен бірге қаралады», – деді ол.