Микроқаржы ұйымдарының активі 3,2 трлн теңгеге жетті

Микроқаржы ұйымдарының активі 3,2 трлн теңгеге жетті

Микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың активтері 2025 жылғы I тоқсанда 5,2% ұлғайып, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 3,2 трлн теңгені құрады. Активтердің ұлғаюына микроқаржы ұйымдарының несие портфелінің өсуі себеп болды.

МҚҚЖҰ құрылымында активтердің ең көп үлесі микроқаржы ұйымдарына – 1,8 трлн теңге немесе 57,4%, кредиттік серіктестіктерге – 0,9 трлн теңге немесе 29,4%, ломбардтарға – 0,4 трлн теңге немесе 13,2% тиесілі.

МҚҚЖҰ-ның несие портфелі 2025 жылғы I тоқсанда негізінен жеке тұлғаларға берілген микрокредиттер есебінен 3,2%, 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. МҚҚЖҰ микрокредиттерінің құрылымында  бизнес субъектілеріне микрокредиттердің үлесі 59,0%-ды, халыққа микрокредиттер үлесі 41,0%-ды құрады.

Бизнес субъектілеріне берілген қарыздар  2025 жылғы I тоқсанда негізінен жеке тұлғаларға, оның ішінде кәсіпкерлік мақсаттарға берілген дара кәсіпкерлерге микроқаржы ұйымдарының микрокредиттері есебінен 3,9%, 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Халыққа берілген қарыздар көлемі негізінен 2025 жылғы I тоқсанда ломбардтар берген микрокредиттердің ұлғаюы есебінен 3,4% ұлғайып, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,2 трлн теңгені құрады.

Мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздардың деңгейі (NPL 90+) МҚҚЖҰ-ның портфелінде 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша  5,2%-ды құрады (01.01.2025 ж. – 4,6%).

2025 жылғы 1-тоқсанда МҚҚЖҰ-ның міндеттемелері 5,3% ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады. Қорландыру құрылымындағы негізгі үлес алынған қарыздарға тиесілі, олардың үлесі жиынтық міндеттемелердің 66,8%-ын немесе 1,4 трлн теңгені құрайды. Міндеттемелердің ұлғаюы микроқаржы ұйымдарының басқа да міндеттемелерінің өсуіне байланысты.

МҚҚЖҰ-ның меншікті капиталы 2025 жылғы I тоқсанда негізінен бөлінбеген пайданың ұлғаюы есебінен 5,1%  ұлғайып, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,1 трлн теңгені құрады.