Үкімет микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты салықтық әкімшілендіруді жеңілдету шараларын 2026 жылы да жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған бизнес санаты үшін шартты «таза парақ» тетігі енгізілді. Бұл тетік салықтық әкімшілендіруде неғұрлым икемді әрі ынталандырушы тәсілдерді қолдануға мүмкіндік берді.

Аталған тетік шеңберінде жекелеген жағдайларда микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан салықтық міндеттемелер бойынша камералдық бақылау шаралары, салықтық тексерулер, әкімшілік іс жүргізу және сот тәртібімен өндіріп алу шаралары қолданылған жоқ.

Қабылданған шаралар нәтижесінде микро және шағын кәсіпкерліктің 19 мың субъектісі жалпы сомасы 13 млрд теңге көлеміндегі негізгі салық берешегін өтеді. Соның нәтижесінде 4,4 млрд теңге көлеміндегі өсімпұлдар мен 4,9 млрд теңге көлеміндегі айыппұлдар есептен шығарылды.

Үкімет 2026 жыл бойы бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Атап айтқанда, 2026 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері қосылған құн салығына байланысты жекелеген құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Бұл мына жағдайларға қатысты:

  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеуге тұрмау кезеңінде жүзеге асырылған айналым көлемі айналымның шекті мөлшерінен айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда.
  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 269-бабының үшінші бөлігінде және 275-бабының бесінші бөлігінде көзделген, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша, мемлекеттік кірістер органдарының ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою туралы хабарламасымен келісіп, онда көрсетілген талаптар толық орындалған жағдайда.