Автор: Дарья Мартыневская, Halyk Finance
2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі 13,5%-ға дейін баяулады. Бұл алдыңғы сегіз айдағы көрсеткішпен (14,3%) салыстырғанда төмен, бірақ 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі 0,6%-дық өсімнен әлдеқайда жоғары. Бюджет қаражаты мен жеке құрылысшылардың үлесін есептемегенде, инвестиция өсімі 7,1% болды (8 айда – 6,8%).
Инвестициялардың негізгі көзі – кәсіпорындардың меншікті қаражаты. Алайда оның үлесі азайып, 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 63%-ды құрады (8 айда – 63,4%, 2024 жылы – 66,6%). Ал бюджет қаражатының үлесі 19%-дан 23%-ға дейін артты. Банктік несиелердің үлесі сәл ғана төмендеп, 3,8%-дан 3,7%-ға түсті. Бұл процесс мемлекеттік қаражаттың жеке инвестицияны біртіндеп ығыстырып жатқанын көрсетеді. Айта кетерлігі, «меншікті қаражат» санатына мемлекеттік компаниялардың қаражаты да кіреді, ал бұл квазимемлекеттік сипаттағы қаражат саналады.
2025 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға инвестиция өсіміне ең көп үлес қосқан сала – білім беру. Бұл бағыттағы инвестициялар 434 млрд теңгеге артып, нақты мәнде 75,6% өскен (2024 жылы – 79,3%). Мұндай өсім мектеп құрылысына бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдарлама аясында қамтамасыз етілді. Екінші орында – көлік және қоймалау саласы, мұнда өсім 393 млрд теңгені немесе 14,8%-ды құрады (өткен жылы – 31,1%). Бұл саладағы инвестициялардың үштен бірі мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылып отыр.
Өңдеу өнеркәсібінде де айтарлықтай өсім байқалды: негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 30,7% артты (өткен жылы – 6,3%). Мұнда ең көп үлес металлургия өндірісіне (+10,6%), химия өнімдері (+53,7%), тамақ өнеркәсібі (+47,7%), металл емес минералды өнімдер (+12,6%) және кокс пен мұнай өнімдері (+31,3%) өндірісіне тиесілі болды.
Жылжымайтын мүлік операциялары саласында да елеулі өсім байқалды –инвестициялар 351 млрд теңгеге немесе 11,6% артты (2024 жылы – 4,2%). Бұл сала ұзақ мерзімді экономикалық өсімге тікелей әсер етпесе де, инфрақұрылым мен әлеуметтік даму тұрғысынан маңызды.
Электрмен жабдықтау және сумен қамтамасыз ету салаларында инвестициялар тиісінше 37,5% және 42,9% өсті. Бұл – ресурстық нысандарды жаңарту және төмен база әсерінің нәтижесі. Мұндағы инвестициялардың жартысына жуығы мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылған, бұл секторларда мемлекеттің белсенді рөлін айғақтайды.
Ауыл шаруашылығында инвестициялар 21,1% артты. Бұл өсім алдыңғы жылғы төмен базамен (2024 жылы –9,9%) байланысты, яғни салада қалпына келу процесі жүріп жатыр.
Ең үлкен құлдырау тау-кен өндірісінде тіркелді – 2025 жылдың тоғыз айында инвестициялар 366 млрд теңгеге немесе 16,9% қысқарды (2024 жылы – 28,2%). Бұған Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының аяқталуы себеп болды. Жақын уақытта бұл салада ауқымды жаңа жобалар жоспарланбаған.
Инвестиция құрылымында жылжымайтын мүлік операциялары секторы көш бастап тұр — оның үлесі 19,1% болды (былтыр – 19,5%). Мектеп құрылысы бағдарламасының есебінен білім беру секторының үлесі4,4%-дан 6,9%-ға дейін өсті. Ал өңдеу өнеркәсібінің үлесі артқанымен, әлі де тау-кен секторынан төмен – тиісінше 10,7% және 15,2% (2024 жылы – 9,4% және 21%). Өңдеу саласына инвестиция тарту – экономиканы жаңғыртудың және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың басты факторы. Сондықтан өнімділікті көтеруге және технологиялық жаңаруына бағытталған сапалы инвестицияларды көбейту маңызды.
Инвестицияның мақсаттық құрылымында құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарының үлесі 66%-дан 68%-ға өсті. Бұл бағыттағы шығындардың көп бөлігі мемлекеттік қаражат есебінен инфрақұрылымдық жобалар арқылы қаржыландырылады. 2025 жылдың тоғыз айында осы бағыттағы инвестициялар 18,8%-ға артқан. Ал жабдық сатып алуға бағытталған инвестициялар үлесі 30%-дан 27,5%-ға төмендеді. Бұл бағыттағы өсім небәрі 3,2%-ды құрады (2024 жылы – 5,8%), бұл бір жағынан шикізаттық сектордағы ірі жобалардың аяқталуымен, екінші жағынан технологиялық жаңғыртудағы төмен белсенділікпен байланысты.
Жалпы алғанда, инвестициялық белсенділікті мемлекет қаржыландыру есебінен ұстап тұр. Бұл жеке сектордың төмен белсенділігін ішінара өтеп отыр. Ал жеке инвестициялар жоғары инфляция, қатаң ақша-кредит саясаты және теңге бағамының тұрақсыздығы сияқты макроэкономикалық тәуекелдер әсерінен баяулап жатыр.
Тұрақты даму үшін экономиканы технологиялық жаңғыртуға, жеке инвестиция тартуға және бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға басымдық беру қажет. Сонымен қатар инновациялар, жаңа технологиялар және білім саласына бағытталған инвестицияларды ынталандыру маңызды.