Автор: Салтанат Игенбекова, Halyk Finance
2025 жылдың он бір айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инвестициялық белсенділік жылдық есеппен 13,3%-ға дейін жеделдеді (бұл он айдың көрсеткішінен жоғары). Қазіргі динамика біз күткен «инвестиция өсімі баяулайды» деген болжамның әзірге орындалмай тұрғанын көрсетеді. Бұл өзгеріс, сірә, мемлекеттік шығындарды қаржыландыру құрылымының өзгеруімен байланысты болса керек. Ұлттық қор қаражатын пайдалану көлемі азайған тұста, Үкімет пен квазимемлекеттік сектор сырттан қарыз алуды белсенді түрде күшейтті. Осылайша, трансферттердің орнын халықаралық нарықтардан тартылған несие капиталы басып, инвестициялық белсенділікті демеп тұр.
Жалпы алғанда, биылғы инвестиция өсіміне негізінен мемлекеттік шығындардың ұлғаюы, ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы және былтырғы базаның төмен болуы себеп болып отыр. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларындағы инвестициялық динамиканың басты қозғалтқышы — базалық тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымы болды: осы кезеңдегі барлық күрделі салым өсімінің үштен біріне жуығы электр және сумен жабдықтау жобаларына тиесілі. Бюджеттік инвестициялардың төрттен бірі дәл осы секторлардағы инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталды. Көлік пен жылжымайтын мүлік салаларында да оң динамика байқалғанымен, тау-кен секторында құлдырау әлі де жалғасып жатыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 20,7% (ж/ж) деңгейінде болса да, инвестициялық белсенділік қарқыны біртіндеп «салқындап» барады.
Мемлекет инвестициялық процесте әлі де маңызды рөл атқарып отыр. Бұл жеке сектордың шектеулі белсенділігін ішінара толтырып отырған бюджеттік қаржыландыру көлемінің артуынан анық көрінеді. Сонымен қатар, құрылымдық теңгерімсіздік те сақталып тұр: инвестицияның негізгі бөлігі құрылыс пен жөндеуге жұмсалып жатыр, ал экономиканы технологиялық жағынан модернизациялау мен жаңартуға бағытталған инвестициялық белсенділік әлі де жеткіліксіз.
Алдағы үш жылда бизнесті жеңілдікпен қаржыландырудың биыл жарияланған ауқымды бағдарламалары есебінен инвестициялық процеске мемлекеттің қатысуы одан әрі артады деп болжануда. Инвестиция саласындағы бұл үрдістер экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау және технологиялық секторларға көбірек инвестиция тарту қажеттігін тағы да дәлелдей түседі.
2025 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар (НКИ) 10 айдың көрсеткіштерімен салыстырғанда (+13,1% ж/ж) біраз жеделдеп, 13,3%-ға (ж/ж) жетті. Бұл ретте бюджет қаражаты мен жеке құрылыс салушылардың қаражатын есепке алмағанда, инвестиция өсімі 8,8% (ж/ж) болды.
Үкімет пен мемлекеттік сектордың сырттан қарыз алуды көбейтуі инвестициялық процесті демеп тұр. Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемінің жоспарлы түрде азаюы аясында, Үкімет пен квазимемлекеттік компаниялар сыртқы борыштық қаржыландыруды ұлғайтуда. Іс жүзінде олар Ұлттық қордың қаражатын халықаралық нарықтардан тартылған несие капиталымен алмастырып жатыр.
Егер 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша инвестициялардағы мемлекеттік қаржыландырудың үлесі 23,0% болса, қараша айының соңына қарай бұл көрсеткіш 22,6%-ға дейін төмендеді. Бюджеттік қаржыландыру үлесінің біраз азайғанына қарамастан, бюджет қаражаты есебінен инвестицияның нақты өсімі әлі де жоғары (2025 жылдың 11 айында +27,1% ж/ж). Дегенмен, бұл жыл басында тіркелген шыңдық көрсеткіштерден төмен (мәселен, 2025 жылдың қаңтарында бюджет есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция (НКИ) алты есеге жуық, ал екі айдың қорытындысы бойынша 3,1 есе өскен болатын). 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында инвестиция құрылымындағы банктік несиелеу үлесінің 3,9%-дан (2024 жылдың 11 айы) 4,3%-ға (2025 жылдың 11 айы) дейін аздап артқаны байқалды. Осылайша, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттердің азаюына байланысты мемлекеттік инвестициялық серпіннің «салқындауы» байқалады. Бірақ сырттан келген қарыздар Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың қысқару әсерін жоққа шығаруға мүмкіндік берді.
Бизнестің меншікті қаражаты инвестицияны қаржыландырудың негізгі көзі мәртебесін сақтап қалды және жылдық есеппен 12,1% өсті. Абсолюттік цифрлардағы оң динамикаға қарамастан, олардың жалпы НКИ көлеміндегі меншікті салмағы 62,7%-ға дейін азайды (2024 жылдың 11 айындағы 65,7%-бен салыстырғанда). Бұл бюджеттік көздердің неғұрлым қарқынды өсіп жатқанын білдіреді. Деректерді бағалау кезінде «меншікті қаражат» санатына квазимемлекеттік компаниялардың ресурстары да кіретінін ескеру қажет. Бұл инвестициялық процестердегі мемлекеттің нақты қатысу деңгейі ресми статистика көрсеткеннен әлдеқайда жоғары екенін нық сеніммен айтуға негіз болады.
Жалпы алғанда, бюджеттік инвестициялар негізінен үш секторға бағытталды: электр және сумен жабдықтау инфрақұрылымы (бюджеттік қаржыландыру көлемінің 25,3%-ы), көлік (26,2%) және білім беру (23,6%).
2025 жылдың 11 айында негізгі капиталға салынған инвестиция (НКИ) өсіміне абсолюттік мәнде ең көп үлес қосқан — электрмен жабдықтау саласы болды. Есепті кезеңде бұл саладағы инвестициялар 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (ол кезде өсім +6,7% болған) 2 есеге артты. Бұл ретте НКИ көлемінің үштен бірі бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілген.
Сумен жабдықтау секторы да айтарлықтай оң динамика көрсетті: мұнда инвестициялар жылдық есеппен 45,3% өсті. Бұл секторда мемлекеттік қаражатқа тәуелділік тіпті жоғары: барлық инвестицияның 67,7%-ы бюджет есебінен қаржыландырылды. Электр және сумен жабдықтау салаларындағы мұндай қомақты өсім — инфрақұрылымды модернизациялау жөніндегі ұлттық жоба аясындағы ауқымды инвестициялық циклдің нәтижесі. Бұл секторлардағы бюджеттік қаржыландырудың жоғары үлесі маңызды инфрақұрылымды жаңарту бастамасының орталықтандырылған, мемлекеттік сипатқа ие екенін растайды: бюджеттік инвестициялардың төрттен бірі (25,3%-ы) дәл осы базалық инженерлік жобаларға шоғырландырылған.
Ал тау-кен өндіру секторында инвестицияның құлдырауы әлі жалғасып жатыр. 2025 жылдың 11 айында мұндағы инвестициялар 16,2%, соның ішінде мұнай өндіруде 28,5% қысқарды. Бұл негізінен Теңіздегі Болашақ кеңейту жобасының аяқталуымен байланысты.
Өңдеу өнеркәсібінде инвестиция өсімі 20,7% (ж/ж) құрады. Негізгі ілгерілеу химия өнеркәсібіндегі (2 есе өсім), тамақ өнімдерін өндірудегі (+78,2%) және кокс пен мұнай өнімдері өндірісіндегі (+24,6%) динамика есебінен болды. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібінің 40,4%-ын құрайтын негізгі сектор — металлургияда инвестиция 28,9% азайғаны байқалады. Бұл бірқатар жобалардың аяқталуы немесе былтырғы жоғары базаның әсері болуы мүмкін. Соған қарамастан, металлургиядағы инвестицияның азаюы негізгі қорлардың тез тозуына әкелуі ықтимал, бұл ұзақ мерзімді перспективада сектордың бәсекеге қабілеттілігін төмендету тәуекелін тудырады. Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық белсенділік жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіштермен салыстырғанда баяулап барады.
Көлік секторы биылғы жылы экономиканың ең қарқынды салаларының бірі болып отыр. Соңғы үш жыл бойы мұнда инвестициялық белсенділік тұрақты түрде жоғары: 2025 жылдың 11 айындағы өсім 13,3% болды. Бұл саладағы инвестицияның үштен бірінен астамы мемлекеттік қаржыландыру есебінен келді, бұл инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, көлік нысандарын жаңарту және техникалық паркті қайта жарақтандыру жұмыстарының жалғасып жатқанын білдіреді.
Жылжымайтын мүлік операциялары секторы да айтарлықтай өсім көрсетіп, 10,3% артты. Бұл тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділікті көрсетеді. Алайда, бұл саладағы инвестициялар көбіне физикалық инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған, сондықтан олардың ұзақ мерзімді экономикалық өсімге қосатын үлесі шектеулі.
Ауыл шаруашылығында инвестициялар 24,1% өсті. Былтырғы төмен көрсеткіштерді (-9,3%) ескерсек, бұл өсім көбіне бұрынғы олқылықтардың орнын толтыру сипатына ие.
Білім беру саласында жыл басында байқалған өте жоғары қарқын (4 айдың қорытындысы бойынша +520%) есепті кезеңнің соңына қарай 31,6% деңгейінде тұрақталды. Бұл баяулау техникалық сипатқа ие және «төмен база» әсерінің таусылуымен, сондай-ақ білім беру саласындағы ұлттық жобаларды, бірінші кезекте «Жайлы мектеп» жобасын қаржыландырудың негізгі кезеңдерінің аяқталуымен байланысты.
НКИ-дің салалық құрылымында, тау-кен секторындағы төмендеу аясында, жылжымайтын мүлік операцияларысекторы 18,8% үлеспен әлі де көш бастап тұр. Электр және сумен жабдықтау салаларындағы инвестицияның артуы есебінен олардың жалпы НКИ-дегі үлесі 9,7%-дан 13,0%-ға дейін өсті (3-сурет).
Инвестицияның айтарлықтай өскеніне қарамастан, өңдеу өнеркәсібінің үлесі (10,9%) әлі де тау-кен секторынан (14,9%) төмен. Біз экономиканы әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі элементі ретінде өңдеу саласына инвестиция тартудың маңыздылығын талай мәрте атап өткен болатынбыз.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың (НКИ) мақсатты құрылымына үңілсек, ғимараттар мен құрылыстарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарының үлесі 65,9%-дан 67,5%-ға дейін артқанын көреміз. Бұл шығындардың басым бөлігі инфрақұрылымдық және басқа да бюджеттік жобаларды іске асыру аясында мемлекет тарапынан қаржыландырылып отыр. Осы бағыт бойынша инвестиция өсімі жылдық есеппен 20,4% құрады.
Тиісінше, құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталған инвестицияның үлесі 29,9%-дан 28,0%-ға дейін төмендеп кетті. Бұл кезеңде жабдықтарға салынған инвестицияның өсімі әлдеқайда аз — небәрі 10,0% болды. Бұл көрсеткіш шикізат секторындағы ірі жобалардың аяқталғанын және жалпы экономикада технологиялық жаңаруға деген инвестициялық белсенділіктің төмен екенін аңғартады.
Қорыта айтқанда, Ұлттық қордан берілетін трансферттердің азаюынан туындауы тиіс болған инвестициялық баяулаудың орны Үкімет пен квазимемлекеттік сектордың сырттан қарыз алуымен толтырылды. Бұл елдегі инвестициялық қарқынды сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Алдағы үш жылда экономиканы жеңілдікпен қаржыландыру үшін қаражат тартудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары іске асырылмақ. Бұл инвестициялық процестерде мемлекеттің рөлін одан ары күшейтіп, жеке инвестициялардың нақты үлесін статистикалық тұрғыдан асыра көрсетуге әкелуі мүмкін. Жеке капиталды мемлекеттік қаржымен осылайша алмастыру экономика тиімділігінің төмендеуіне, нарықтық бәсекелестіктің бұрмалануына және бюджетке деген тәуелділіктің артуына әкеп соғады. Сондықтан тұрақты даму үшін бизнеске қолайлы жағдай жасап, мемлекет үлесін азайту, сондай-ақ саясаттағы басымдықты экономиканы технологиялық модернизациялауға, инновациялар мен білімге аудару өте маңызды.