29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына 10 971 кандидат тіркелді. Осылайша, бір депутаттық мандатқа орта есеппен үш үміткерден келеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді.
ОСК мәліметінше, кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталған. Сайлауға қатысу үшін 99 партиялық тізім тіркеліп, олардың құрамына 1 219 адам енді. Ал 3 113 бірмандатты округ бойынша 9 752 кандидат бақ сынайды.
Партиялық тізімге енген кандидаттардың 527-сі әйелдер мен жастар. Олардың үлесі 43,2%-ды құрады. Бұл заңда белгіленген 30% квотадан жоғары.
Кандидаттарды тіркеу аяқталғаннан кейін Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. Ал дауыс беру 29 қарашаға жоспарланған.
Қазақстандықтар 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлайды. IX шақырылым депутаттарының өкілеттік мерзімі бес жыл болады.
ОСК өткізген жеребе нәтижесінде партиялардың бюллетеньдегі орналасу тәртібі анықталды:
«Ауыл» партиясы;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
Қазақстан Халық партиясы;
Respublica;
«Ақ жол» демократиялық партиясы;
«Байтақ» партиясы;
«Әділет» партиясы.
Еске салайық, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген. Сайлау қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей шығарылуы тиіс.