Астанада «Орталық Азиядағы айналымды экономикаға көшу жолында: ӨКЖ жүйелерін жетілдіру, қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту және бизнеспен әріптестік орнату» тақырыбында өңірлік семинар өтті.
Іс-шараны Қазақстанның Қаптаушылар қауымдастығы, Жапонияның Жаһандық экологиялық стратегиялар институтымен (IGES) және Қазақстанның шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ ЦентрКредит Банкі АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің бейінді министрліктерінің, халықаралық ұйымдардың, сарапшылық қоғамдастықтың, салалық қауымдастықтардың және жеке сектордың өкілдері, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін жапон бизнесінің өкілдері қатысты.
Қатысушылар өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді, соның ішінде қалдықтардың түзілу көлемінің өсуі, табиғи ресурстарды тұтынудың артуы және климаттың өзгеру салдарын талқылады. Жаһандық экологиялық стратегиялар институты, (IGES) қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы проблемалардың ушығуы шұғыл шаралар қабылдауды талап ететінін ескеріп, бұл мәселе жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіпті жаңғыртуға және тұрақты экономиканы қалыптастыруға айтарлықтай экономикалық мүмкіндіктер ашатынын да атап өтті.
Семинар барысында айқындалған негізгі бағыттар:
1. Жүйеге қатысушылардың жауапкершілігі мен қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКЖ) жүйелерін жетілдіру.
2. Қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу және олардан ресурстарды қалпына келтіру инфрақұрылымына инвестициялар тарту.
3. Айналымды экономика саласындағы инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал ететін іскерлік әріптестікті кеңейту және нарықтық ынталандыру құралдарын дамыту.
«Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуға көшуі жағдайында өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелер (ӨКЖ) жүйесі, айналымды экономика қағидаттарын іске асырудың маңызды құралдарының бірі. Қазіргі уақытта Қазақстанда ӨКЖ-нің ең дамыған жүйесі қалыптасқан. Орталық Азияның басқа елдерінде бұл жүйе әзірге жеткілікті деңгейде дамымаған. Дегенмен, ол белсенді түрде дамиды деп үміттенеміз, өйткені ӨКЖ елдеріміздегі қоршаған ортаның ластануын азайтуда маңызыд рөл атқарады.
Мысалы, Өзбекстандағы немесе Қырғызстандағы ластану Қазақстанның экологиясына тікелей және жанама әсер етеді. Сол сияқты, Қазақстандағы экологиялық жағдай да көршілес елдерге ықпал етуі мүмкін. Біздің экожүйелеріміз өзара тығыз байланысты, демек, топырақ пен судың тазалығын сақтау – ортақ жауапкершілік. Сондықтан бүгін біз өңіріміздегі халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін осы мәселені талқылау үшін семинарға жиналып отырмыз», – деп атап өтті Қазақстанның Қаптаушылар қауымдастығының төрағасы, Қазақстанның шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Батырбек Әубәкіров.
Сессия аясында Жапонияның айналымды экономиканы дамыту жөніндегі практикалық тәжірибесіне де ерекше назар аударылды.