Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу арқылы сатуды реттейтін заңнамалық өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді.
«Біз BNPL нарығын (қазір алып, кейін төлеу) реттеу бойынша жаңа заң немесе заңға түзетулер әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл қаржы ұйымдары емес, маркетплейстер немесе сауда үйлері ұсынатын бөліп төлеуге қатысты. Бірақ мұндай рассрочкада несиелік өнімнің барлық белгілері бар», – деді ол Мәжіліс кулуарында журналистерге.
Сонымен қатар, оның айтуынша, қазақстандықтар үшін қарыздың ең жоғары мөлшеріне лимит енгізу көзделіп отыр.
«Соңғы мәліметке сәйкес, Ұлттық банк бұл шараны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізуді жоспарлап отыр. Яғни әрбір қарыз алушы үшін берешектің ең жоғарғы сомасына нақты шектеу белгіленеді», – деді ол.
Бұған дейін, 2025 жылы агенттік маркетплейстердегі (банктерге қатысы жоқ) бөліп төлеу қызметін реттеу ережелерін әзірлейтінін хабарлаған. Себебі кейбір маркетплейстер арқылы тауарлар мен қызметтерді несие немесе бөліп төлеу арқылы алуға болады, бірақ олар қаржы ұйымдарына жатпайды. Соған қарамастан, мұндай қызметтер іс жүзінде несие беру қызметіне ұқсайды, сондықтан олар да несиелер сияқты реттелуі тиіс.
Осыған байланысты агенттік мұндай өнімдерге сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін белгілеуді және тұтынушылардың құқықтарын қорғау нормаларын қолдануды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ агенттік банктік талаптарға бағынбайтын, бірақ іс жүзінде қаржылық қызмет көрсететін финтех және телеком-компаниялардың қызметін де реттемек.