«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде Малайзияның Perusahaan Otomobil Nasional Sdn. Bhd. (PROTON) автомобиль компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжат Қазақстанда автомобиль өнеркәсібін дамытуға және ұлттық автокөлік өндірушісін құруға бағытталған. Холдинг тарапынан меморандумға Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин, ал PROTON тарапынан компанияның корпоративтік стратегия жөніндегі вице-президенті Айнил Азмил Абу Бакар қол қойды.
«PROTON компаниясымен ынтымақтастық отандық автопромды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біздің серіктестеріміздің тәжірибесі мен технологиялары заманауи өндірістік база қалыптастыруға және ұлттық автомобиль брендин құруға негіз болады. Бұл елдің индустриялануына және экономикалық өсіміне үлес қосады», — деді Рустам Карагойшин.
Өз кезегінде PROTON компаниясының вице-президенті Айнил Азмил Абу Бакар меморандумға қол қойылуын компанияның Қазақстандағы халықаралық қатысуын кеңейтудегі маңызды кезең деп атап өтті.
«Қазақстанның стратегиялық бастамасының бір бөлігі болуға қуаныштымыз. Біздің тәжірибеміз бен технологиялық шешімдеріміз жергілікті өндірісті дамытуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді», — деді ол.
Келісім технико-экономикалық зерттеулер жүргізуді, жергілікті серіктестерді анықтауды және қаржыландыру тетіктерін әзірлеуді қарастырады. «Бәйтерек» холдингі отандық машина жасау саласын дамытуға және халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.