2025 жылдың екінші тоқсанында ұлттық компаниялардың жиынтық табысы 1,53 трлн теңгеге жетті. Бұл алғашқы тоқсанмен салыстырғанда 25% көп (I тоқсанда – 1,22 трлн теңге). Дегенмен, табыспен бірге шығындар да өсті: өзіндік құн 1,27 трлн теңгені құрап, 12% артты.

Рентабельділіктің құлдырауы

Компаниялар көбірек өнім шығарып, көбірек сатқанына қарамастан, олардың табыстылығы төмендеді. Рентабельділік деңгейі 58,1%-дан 39,2%-ға дейін құлдырап, салық салынғанға дейінгі пайда 28% азайды (677 млрд теңге). Бұл нарықтағы басты парадокстың бірі: айналым өсіп жатыр, бірақ пайда кеміп барады.

Қарыз жүктемесі

Ұлттық компаниялардың міндеттемелері әлі де жоғары деңгейде қалып отыр: дебиторлық қарыз – 3,0 трлн теңге (жыл басында – 3,19 трлн теңге); несие қарызы – 12,6 трлн теңге (I тоқсанда – 11,8 трлн теңге).

Соның ішінде: 5,4 трлн теңге – түрлі қарыздар, 2,2 трлн теңге – банктік несиелер. Бұл деректер квазимемлекеттік сектордың қаржылық тұрақтылығы әлі де қарызға тәуелді екенін айғақтайды.

Қызметкерлердің еңбекақы қоры тоқсанда 116 млрд теңге көлемінде өзгеріссіз қалды. Бірақ активтердің амортизациясына кететін шығын 60 млрд теңгеге жуықтады.