Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы терминалындағы оқиғаға байланысты министр Ерлан Ақкенженовтің журналистерге 2025 жылы КҚК бұрын жоспарланған 72 млн тонна емес, 68 млн тонна мұнай тасымалдайтыны туралы айтқан деректі түсіндірді. Ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл сан техникалық деректерді қате түсінуден туындаған.

«72 млн тонна – бұл КҚК мұнай құбырының қазақстандық бөлігінің жобалық өткізу қабілеті, яғни жүйенің техникалық шегі. Ал КҚК арқылы тасымалдаудың 2025 жылға арналған бастапқы жоспары 57 млн тоннаны құраған, 11 айдың фактісін ескергендегі болжамдық деректер шамамен 68 млн тоннаны немесе жоспарға қатысты 119,3%-ды құрайды. Бұл сан өндіруші компаниялардың өндірістік жоспарларынан құрылған. Осылайша, 4 млн тонна айырмашылық құбырдың бос қуаты, өндіру немесе экспорт көлемінің түсіп қалған көлемі емес», – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.

Ведомство теңіз терминалындағы оқиға жылдық жоспарлы индикаторларға қол жеткізуге қатты әсер етпегенін қосты. Жөндеу жұмыстарына байланысты өндіру көлемі уақытша 480 мың тоннаға азайтылды. Бұл шара резервуарларды толтыру үшін қажет болған және терминал штаттық режимде жұмыс істей бастағанда, мұнай қайта тиеледі.

Қазір мұнай ВПУ-1 уақытша айлағы арқылы жіберіліп жатыр. ВПУ-3-тегі жұмыстар аяқталуға жақын. Аяқталуы 15 желтоқсанға жоспарланған. Осыдан кейін өткізу қабілеті толық қалпына келеді.

Экспортты кідіртпеу үшін мұнайдың бір бөлігі, соның ішінде Қашаған кен орнынан, «Атасу – Алашаңқай» мұнай құбыры арқылы Қытайға қайта бағытталды. Сондай-ақ «Атырау – Самара» жүйесі және теміржол көлігіарқылы тасымалдау көбейтілді. Новороссийск және Усть-Луга порттары әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр.

Министрлік ірі жобалардың әдеттегідей жұмыс істеп тұрғанына, бұл ретте экспорттық келісімшарттардың қауіпсіз екеніне, меншік иелерінің ауысу қаупі жоқ екеніне және бүкіл жағдайдың бақылауда екеніне сендірді.